ЕҢ МАҢЫЗДЫ КАПИТАЛ — АДАМ КАПИТАЛЫ

136
0

Ел болашағы десек, демографиялық саясат ойға оралатыны анық. Демографияи-ұлт тағдыры. Ал біздің халқымыз үшін демография мәселесі ерекше орында. Себебі, «Отан отбасынан басталады», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген өзге де даналық сөздер қазақ халқының өмірлік тәжірибесінен алынған.
Демография – кез келген мемлекеттiң басты қазынасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң елдiң күткенi қашан. Соңғы жылдары еліміздің демографиясында өсу бар. Соның айғағы, қазақ халқының саны 20 миллионға жетуі, бүгінгі күннің қуанышты жаңалығы болып тұр.
Қазіргі таңда еліміз өзінің территориясын сақтап, қауіпсіздікті ойлау үшін демографиялық ахуалды жақсартуы қажет деп ойлаймын. Ол үшін этникалық қазақтарды атамекеніне көшіп келуге ынталандыру жұмыстарын күшейтсе құба-құп.
Дегенменде елімізде бұл міндет толығымен орындалып жатыр деуге толық негіз бар. Себебі Қазақстанда халық санын арттырып, демографиялық ахуалды жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның халық саны 19 899 377 адамды құрады. Оның ішінде 12 317 671 адам – қала, 7 581 706 адам – ауыл тұрғындары, 48,8% – ерлер, 51,2% – әйелдер.
Жалпы, халық санының өсуі мемлекет үшін өте қажет. Ол әрбір елдің стартегиялық жоспары десе де болады. «Көп қорқытады, терең батырады» деген қазақтың мақалын ұмытпауымыз керек.
Бұл мәселеде елімізде халықтың санын арттыру бағытында атқарылар жұмыстар жетерлік.
Мойындау керек, демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуетіне, әлеуметтік қорғалуына және медициналық қызмет сапасына тікелей байланысты. Сондай-ақ, қазақта «Бір бала дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген аталы сөз бар. Алайда қазір экономикалық құндылықтар алдыға шығып кетті.
Ал қоғамның ең маңызды капиталы — адам капиталы. Оның саны мен сапасын аймақтық және ұлттық деңгейде бағалау — мемлекеттік басқарудың заманауи маңызды элементтерінің бірі. Сондықтан елдің демографиялық ахуалын мемлекеттің саяси және экономикалық даму қарқынынан ажыратып қарау мүмкін емес.

ЖАНДОСОВА БАЯН АЙТБЕКҚЫЗЫ, Әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшесі.