ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІ ІЛГЕРІЛЕП КЕЛЕДІ

31
0

Елімізде медицина саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп келеді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс» деп атап өткен болатын.

Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Соңғы жылдар ішінде үшінші мегаполистегі бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайды. Ақ халаттылар шетелдерде білімін толықтырып қайтты. Осының арқасында күрделі оталарды өңірдегі медициналық мекемелерде жасау мүмкін болды. Мұның айқын айғағын жуырда ғана өткен күрделі отадан айқын көруге болады. Тарқатар болсақ, Шымкентегі №1 қалалық клиникалық ауруханасына 60 жастағы ер кісі 18 тамызда түнгі 04.00 де қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен ауыр жағдайда түскен. Жағдайының ауырлығына байланысты науқасты дәрігерлер реанимациялық залға кіргізіп, шұғыл көмек көрсеткен. Пациентте пульс анықталмай, есінен танып, жүрек соғысы болмаған. Медицина қызметкерлері жедел түрде реанимациялық шараларды бастап, қатарласа анализ алынып, УДЗ түсірілген. Кейіннен жүрек соғысы қалыпқа келген науқасқа хирургтар мен анестезиологтар шешімімен жедел түрде ота жасалды. Ота кезінде іш қуысына 4000мл дейін қан болған. Ота кезінде жүрек тағы бір рет тоқтап қалпына қайта келтірілді және қан құю процессі қатарынан жүргізілді. Операцияда бауыр мен асқазан аралық байлам жыртылғаны анықталып, хирургиялық жолмен байланды. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін айтып, екі тәуліктен кейін науқасты жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырған. Қуаныштысы сол, пациент алған клиникалық өлім және отасына қарамай тез айықты. Бір айға жуық медицина қызметкерлерінің бақылауында болған науқас сауығып, ауруханадан үйіне шықты. Айта кету керек, Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға және нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеді. Өткен жылдың басынан бері қалада Ана өлімі тіркелмеді. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 66%-ға төмендесе, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,5%-ға төмендеді. Басқарма мәліметінше, сонымен қатар халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Жалпы Шымкентте балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінде 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Бұл туралы басқарма басшысы «Биыл сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Ол жерде барлығы 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды» деп атап өтті. Бұдан бөлек, биыл үшінші мегаполистегі №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тарқатар болсақ №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына 1, 193 млрд теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Материалдық техника базасын жақсарту мақсатында 3,5 млрд теңге сомасына 151 бірлік медициналық техника сатып алынбақ.