ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

28
0

Қоршаған ортаға құрметпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Осы орайда, елімізде табиғатта таза ұстау, қоқыс тастамау, шашылған қалдықтарды жинауға үйрететін көптеген акциялар мен шаралар ұйымдастырылып келе жатыр. Бұл ғана емес, ағымдағы жылдың сәуір айында елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты – халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға аудару. Бүгінде мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған шаралар еліміздің барлық дерлік аймағында белсенді түрде жалғасып келе жатыр. Акцияның аумағы да кеңейе түсті десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінде еліміздің әрбір түкпіріндегі ауылдар мен аудандарда ауқымды бастамалар көтерілуде. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз…

Дүниежүзілік тазалық күні жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару. Осы орайда, жуырда Шымкентте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, қала жұртшылығы белсенділік танытты. Ашып айтар болсақ, Абай ауданының тұрғындары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары Ынтымақ шағын ауданында орналасқан әужайдың жаңа терминалының маңын тазаласа, Әл-Фарабилік тұрғындар Қошқар ата өзенінің, Еңбекші ауданының белсенді тұрғындары «Орманшы» тұрғын алабындағы «Шымкент» каналы бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шарасын ұйымдастырды. «Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді» – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.

Халықаралық тазалық күніне орай Нұрсәт шағын ауданының тұрғындары мен еңбек ардагерлері «Таза аула» ұранымен шықса, Құрсайлық тұрғындар халықаралық А2 автодәлізі бойын тазалады. «Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек» – дейді Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды. Ал, «Асар» шағын ауданындағы экологиялық акцияға қатысқан Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенді мүшесі Жазира Омарова сүйікті қаламыз Шымкенттің тазалығын сақтауға азғантай да болса үлес қосқаныма қуанышты екенін, әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, жауапкершілікті сезіне білсе, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып, түпкі мақсатына жететініне сенемін деген пікірін білдірді. Айта кету керек, бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн» деп атап өткен болатын.