ЖАҢА БІЛІМ ОРДАЛАРЫ БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

31
0

Мемлекет дамуы үшін елдің әрбір өңіріндегі өзекті мәселелер шешімін табуға тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде шаһар аумағындағы елді мекендер мен шағынаудандардағы сапалы жарық, ауыз су, көгілдір отын мен жол мәселесі бірте-бірте шешімін тауып келе жатыр. Бұл ғана емес, медицина орталықтары уақыт өткен сайын заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандырылуда. Ал білім саласына ойыссақ, орын тапшылығын болдырмау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында білім ордалары бой көтеріп жатыр. Бұл ғана емес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да бірнеше шағынауданда жаңа, заманауи білім ордалары салынуда. Өз кезегінде, атқарылып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың баршасын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы бақылап, олқылықтар болса, орнын толтыру мақсатында тиісті тапсырмаларды беруде. Осы орайда, бүгінгі материалымызда жоғарыда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Шымкент  қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында «Нұршуақ» және «Жұлдыз» шағынаудандарында салынып жатқан заманауи мектептердің құрылысында болып, жұмысын тексерді. Бұл оқу орындары пайдалануға беруге дайын. Ал үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталады. Жұмыс барысымен танысқан әкім мердігерлерге бірқатар ескертулер жасады және оны қысқа мерзім ішінде жою бойынша тапсырма берілді. Бұдан бөлек әкім,  «Жаңаталап» тұрғын алабында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жақын арада көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Шаһар басшысы Тұран ауданындағы Қ.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектебіне барып, жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Айта кету керек, қала әкімі өткен аптада бірінші қабатта ағымдағы жөндеу жүргізуді және кәріз жүйесін жаңартуды тапсырған болатын. Сол кезде ғимараттың техникалық жағдайы туралы қате қорытынды берген «STROYCORP» ЖШС-не қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ, Абай саябағындағы скейт-паркте болды.Бұл жерде де аудан әкімі мен энергетика басқармасына қосымша жарықтандыру бойынша нақты тапсырма берді. Айта кету керек, Абай ауданындағы 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде, олардың ішінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабы бар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. 27 елді мекеннің 7-еуі ғана кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылдан бері 5 ірі жобада кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде Достық және Бозарық шағын аудандарында жұмыстар аяқталды. Құрылыс қарқыны жалғасуда: 2024 жылдың соңына дейін Тұран-А-2 тас жолы коллекторының құрылысы аяқталып, 2025 жылға қарай Шымсити-Төлеметов коллекторының құрылысы жалғасады. 2025-2026 жылдары тағы 8 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысын бастау жоспарланған. Нәтижесінде 2026 жылға қарай ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 55,5 пайызға дейін ұлғаймақ. Бұл көрсеткіштер ауданның инфрақұрылымдық дамуын айқын көрсетеді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.