Бір Құдайға сыйынып…

378
0

Біз, білім беру жолында Ыбырай Алтынсариннің әдісін пайдалануымыз қажет!
Мамандығым мұғалім болғандықтан, сол ұстаздық жолымның дұрыс болуын қалағандықтан, «басқалар» қарсы болса да Ыбырай Алтынсарин бабамыздың өмір жолынан ғибрат алғым келеді, сондықтан сол сара жолға ақырындап түсіп келемін…
Мұғалім оқушыны оқытқанда оны ғалым қылуға міндетті емес, бірақ жақсы тәрбие беруге міндетті. Өйткені ол оқушы алған білімінің нанын келешекте жейтін де шығар, бірақ дұрыс тәрбиені алмаса адал жеген наны аздай, өзгелердікіне тойымсыздықпен қарап, «левый тапқанымен» шалқып та өмір сүруі мүмкін….Бала тәрбиелеу жолында ұлағатты ұстазымыздың 2-3 қатарлы өлең жолдарын мысалыға келтіре кеткенді жөн көрдім
«Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық ,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық….», —
бұл өлең жолдарына жақсылап ой қорытып, талдап карайлайтын болсақ, алғашқы жолдардан-ақ, тәрбиені мұсылмандықтың тұтқасынан бастайтынымызды білуге болады .
Ұстаз баланың бойына имандылықты енгізуге себепкер болса, сол мұғалім екі дүниеде де алғыс алып өтері анық!
Ал бізде ше? Кейбір мұғалімдердің оқушы алдында сыйы қалмаған, айтарға тәрбиесі түгілі, берер білімі де көңіл толарлықтай болмайды. Өйткені, сырттай оқығаны бар, ақшамен оқығаны бар, жарытып білім бермейтініне баршамыз көз жұма қараймыз. Мен бірақ, барлығы деп жазып жатқаным жоқ.
«Әлпештеген ата — ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата — енең картайса —
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық..»
Мүмкін, бұл жерде оқудың ішінде тәрбиені де айтқан болар, тек оқу оқыған бала тәрбиесіне, де шикілік болса ата-анасына тіреу болары күмәнді.
Қазақ тарихында және әдебиетінде бала-шағасы қартайғанда тастап кетіпті немесе басқа жаққа апарып тастапты дегенді оқымаппын да, бірақ керісінше «әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген аталарымыздан қалған даналық сөзді барша қазақ білетін болар. Демек жаман немесе жынды әке-шеше сол замандарда болса керек. Дегенмен, бала-шағасы оларды тастамаған, ал біздің дәуірімізде «Қарттар үйі» деген суық атауға құлағымыз үйреніп те қалған. Балаға ата -ананың тәрбиесінен кейін мұғалімнің де тигізер әсері мол. Мүмкін ұстаздың берген білімімен қатар, тәрбиесі де оқушыға жақсы әсерімен қалар болса, қарттар үйінде өмір сүретіндер саны азаяр ма еді бәлкім….?!
«Оқу білген таниды,
Бір жаратқан құдайды.
Танымаған құдайды,
Не ғылғанда ұнайды?
Шырағым абай болғай деп,
Ата — енең жылайды.
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды?»
Бұл сөздердің түбіне үңілсек тағы да хақ дініміз исламға келіп тірелеміз. Мұғалім оқушыға тарихтағы деректер немесе математикадағы амалдарды ғана айтумен шектелмей, күнделікті болмаса да, анда-санда шариғаттан айтып өткені дұрыс сияқты. Мұғалім Құран хадистерден дұрыстап бір-екі үзінді айтып өтсе, ол сөздер оқушыға өмірлік нәр болары ақиқат.
Біз, мұғалімдер оқушыға білім беру арқылы олардың тәрбиесіне де жақсы жағынан әсер етуге тырысуымыз керек, Ыбырай Алтынсарин бабамыз біздің жадымызда неліктен мәңгілікке сақталған? Себебі ол кісі өз заманында балаға дұрыс тәрбие мен білім берудің жолын салып өткен, және оның жолын ешқайсысымыз да қате деп айта алмаймыз. Сонау заманда-ақ соңына өшпес із қалдыру деген көп адамның қолынан келе бермейтінін баршамыз білеміз. Біз де сол жолмен жүрсек жаңылыспаспыз, сірә..!

Мақсат МӘДЕНОВ,
ОҚО, Ордабасы ауданы, Жусансай ауылы.