ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ТІЛДЕР КҮНІ МЕРКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ 

Түркістан қаласындағы Этноауыл кешенінде Қазақстан халқының тілдер күні мерекесіне орай, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және дәстүрлері» атты мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығының, сондай-ақ облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің қолдауымен өтті.

Мерекенің мақсаты — Қазақстанда тұратын әртүрлі этностардың тілдері мен мәдениетін насихаттау, сондай-ақ олардың арасындағы достық пен келісімді нығайту. Шара барысында өзбек халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келген тұрғындар мен қонақтар ұлттық тағамдардың дәмін татып, өзбек мәдениетінің байлығын тамашалай алды. Сонымен қатар, мерекелік концерттік бағдарлама көпшіліктің назарын аударды, онда ұлттық әндер мен билер орындалды.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бақтияр Ибрагимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Алишер Сатвалдиев, Геннадий Шиповских, Амангелді Ғабділкәрімұлы, Ғалиасқар Төлендіұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы, Ақсақалдар, Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері қатысты.

Көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бақтияр Ибрагимов, және Сенат депутаттары еліміздің берекелі бірлігін нығайтудың маңызына кеңінен тоқталды. Марат Әзілханов өз сөзінде қазақ жерінде тұрып жатқан түрлі этностардың тілдерін, мәдениеттерін және дәстүрлерін сақтау мен дамыту қажеттілігін атап өтті. Ол Қазақстанның көпэтностық қоғамындағы бірліктің, татулықтың маңыздылығын сөз етті.

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бақтияр Ибрагимов барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына толық жағдай жасалғанына ризашылығын білдіріп, мұндағы игі бастамалардың жалпы түркі әлеміне үлгі екенін атап өтті. Өз сөзінде ол, осындай шаралардың бірлікті нығайту, этностар арасындағы достық қатынастарды дамыту үшін аса маңызды екенін мәлімдеді.

Мерекелік жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше азаматтар арнайы марапатталды. Мұндай марапаттар қоғамдағы ынтымақтастықты күшейтуге және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Мерекелік іс-шараның соңында облысқа танымал мәдениет саласының өнерпаздарының гала концерті ұйымдастырылды. Концертте түрлі жанрларда өнер көрсеткен орындаушылар көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекенің әсерлі өтуіне үлес қосты.

Осылайша, Түркістан қаласындағы «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және дәстүрлері» мерекелік іс-шарасы көпұлтты Қазақстанның мәдениетін дәріптеу мен әртүрлі этностардың бірлігін нығайту бағытында маңызды қадам болды.