ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰСТАЗ ПРЕЗИДЕНТ МАРАПАТЫН АЛДЫ
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде еліміздегі үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. 5 қазан “Ұстаздар” күнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде еліміздегі үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Абибулла Жакудаев та бар. Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын көпке танытып келеді. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы ұстаз, бұл күні Мемлекет басшысының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” төсбелгісімен марапатталды.
Түркістанда қазіргі уақытта 5181 мұғалім білім беру саласында қызмет етеді. Олардың арасында үздік нәтижелерге жеткен педагогтар саны күннен-күнге артуда. Түркістан қаласының білім беру мекемелері облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, қала абыройын арттыруда.
Білім берудің сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан көптеген бастамалар қолға алынуда. Соның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістанда заманауи үлгіде 8 мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілуі көзделіп отыр.
Іс-шараның соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мұндай шаралар ұстаздар мен оқушылар арасындағы байланысты нығайтып, білім беру саласының даму жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Ұстаздар – ұрпақ тәрбиесінің негізі, олардың еңбегі бағаланып, қоғамда өз орнын алады. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздардың рөлі ешқашан төмендемейді. Түркістандағы білім беру саласы тек ұстаздар мен оқушылардың емес, бүкіл қоғамның дамуына ықпал ететін күш.