САУРАН АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАРҚЫН АЛУДА

Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары аудан аумағында өндіріс аймақтары құрылып, жергілікті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беруде.
2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауылдық округінде өндіріс аймақтары бой көтеруде. Алғашқы кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінен жалпы 55 гектар жер бөлініп, бес өндіріс алаңының құрылысы басталған. Осы өндірістік аймақтарда барлығы 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 60 кәсіпкермен меморандумға қол қойылып, оның 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жобаның толық іске асырылуы нәтижесінде ауданға шамамен 30 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл – Сауран ауданының экономикалық және әлеуметтік дамуына тың серпін беретін маңызды бастама. Осы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар барысында ол аудан аумағында салынып жатқан өндіріс аймақтарын аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Іссапар Иассы ауылдық округінен басталды. Мұнда орналасқан «Иассы» өндіріс алаңында 9 гектар жер бөлініп, 24 жоба жүзеге асырылмақ. Бүгінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген және құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 6,3 млрд теңге. Өндіріс аймағы толық іске қосылған кезде 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосады. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Қарашық ауылындағы өндірістік аймақтың құрылыс барысымен танысты. Мұнда да кәсіпкерлік белсенділік жоғары. 10 гектар аумаққа орналасқан аймақта 20 жоба жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен келісім жасалып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл аймақ іске қосылғанда шамамен 170 тұрғын тұрақты жұмыс табады деп күтілуде. Қарашық өндіріс алаңының жалпы инвестициялық құны 4,5 млрд теңгені құрайды.
Сапар барысында Талғат Қозбеков Жүйнек ауылдық округінде орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен де танысты. Солардың бірі – «ASIA BREND» жиһаз шығаратын кәсіпорны. Мұнда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын тұрғын үйлерге арналған түрлі жиһаз түрлерін — жатын бөлмелер жиһазы, ас үй жиынтығы, балалар бөлмесіне арналған жиһаз және шкафтар шығарады. Заманауи жабдықталған цехта дайындалған өнімдер сапасы және дизайнымен ерекшеленеді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Бұл кәсіпорын 2 гектар аумақта орналасқан және 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «DIVALUX» компаниясы ай сайын шамамен 500 жиһаз өнімін өндіреді. Цехта жиһаздың 40-қа жуық түрі әзірленеді. Өндіріс үшін қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, дайындайды. Бұл – жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін оң тәжірибе. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өндірістік аймақтардың маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлердің белсенділігін жоғары бағалады. Оның айтуынша, мұндай жобалар өңір экономикасының өсуіне, жаңа өндірістердің пайда болуына және халықты жұмыспен қамту ісінің артуына тікелей әсер етеді. «Бүгінгі таңда Сауран ауданында қолға алынған өндірістік аймақтар – өңірдің экономикалық дамуының жаңа кезеңін қалыптастыратын маңызды бастамалардың бірі. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып отыр.
Сонымен қатар Талғат Қозбеков кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Ол жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – кәсіпкерлерге инфрақұрылым, жер және инженерлік желілер тұрғысынан толық жағдай жасау екенін айтты. Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары өндіріс алаңдарының құрылыс сапасын, инфрақұрылымдық жұмыстардың барысын және жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, өндіріс аймақтарына тартылған инвесторлардың жұмысына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергілерге жол бермеу керектігіне тоқталды. Сауран ауданындағы өндіріс аймақтары өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жастарды жұмыспен қамтуға және жергілікті өнім өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.