ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ ТАҒЗЫМ ЖАСАЛДЫ  

Адам баласының бойында кездесетін тектілік-ең асыл қасиеттерінің бірі. Бұл туралы қазақ  халқы өте көп айтқан. Сондай тамаша қасиет Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлының бойында болды. Ол ұлттық білім беру, мәдениет пен өнерді дамыту үшін көп еңбек етті. Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығын атап өту – тек тарихи тұлғаны еске алу емес, сонымен қатар оның мұрасын насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық рухты көтеру, идеялары біз үшін бүгінгі таңда да өзекті, және біз оның өнегесін ұмытпауымыз қажет.

Әділ басшы,халықтың нағыз жанашыры бола білген Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл. Қоғам және мемлекет қайраткері небәрі 34 жасында Қазақ үкіметінің тізгінін ұстады. 1946 жылы Қазақ КСР-НІҢ Ғылым Академиясын құруға атсалысты. Ұлттық кадр даярлауға көп көңіл бөлді. Қазақтың бағына біткен азамат ұлты үшін ұлы істер атқарып, тар жол тайғақ кешті.

Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы Түркістан облысында туған. Қазақ халқының біртуар азаматы жас кезінен ақ көшбасшылық қабілеті арқылы ерекшеленген. Қайраткер тұлға 1938-1951 жылдар аралағында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Нұртас Оңдасыновтың мемлекетті 13 жыл басқарып, қатесіз басқарғанын баса айтты.

Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ үкіметін 13 жыл басқарған, әділ басшы, халықтың нағыз жанашыры бола білген Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы еліміз көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Ұлт қайраткерін ұлықтап, рухына тағзым ету үшін арнайы делегация құрамы Сауран ауданына барып, Нұртас Дәндібайұлының бейіт басына зиярат етті.

Қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін ұлықтау үшін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ақын Қасымхан Бегманов, ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты Аслы Осман, Ислам Әбішов, нұртастанушы ғалым, жазушы-журналист Гүлсім Оразалиева мен Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев пен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров және туған ауылынан көзін көрген замандастары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Түркістан облысы бойынша өкіл имам Ержан Төлепов Нұртас Дәндібайұлының рухына бейіт басында құран бағыштады.

Бейресми толғаныс жасаған зиярат етуші зиялы қауым өкілдері саяси тұлғаның рухына тағзым жасап, ерекше құрметпен гүл шоқтарын қойды. Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты. Ұлт қайраткері еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, қыздар педагогика институты, Абай атындағы Опера және балет театры, консерватория тағы өзге нысандардың ашылуына ұйытқы болды. Рухани басқосуда қонақтар ғалымның өмірі мен еңбек жолындағы осындай естеліктерімен бөлісті.