ҚАЗАҚСТАН БЕНЗИН МЕН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ЭКСПОРТЫНА ТЫЙЫМДЫ ҰЗАРТПАҚ

Қазақстанда мұнай өнімдерін шығаруға тыйымды алты айға ұзарту ұсынылды. 

Энергетика, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен ҰҚК әзірлеген тиісті бірлескен бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат 14 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Бұл шара мұнай өнімдерінің экспортын бақылауды күшейтуге және Ресей алдында отынның реэкспортына тыйым салу жөніндегі міндеттемелерді орындауға бағытталған.

Құжатта елде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының тұтыну көлемінің әдеттен тыс артуы байқалғаны атап өтілген.

«Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ай сайын «көлеңкелі» экспорт пен мұнай өнімдерін «жамылғы тауарлар» түрінде шығарудың көлемі 10-45 мың тоннаға жетеді. Бұл Қазақстандағы мұнай өнімдері бағасының көрші елдермен салыстырғанда 17-166 пайызға төмен болуымен байланысты. Бұдан бөлек, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі келісім аясында Қазақстан Республикасы бажсыз жеткізу шарттарымен мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр. Сондықтан Ресей тарапының ЕАЭО аумағынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін реэкспорттауға тыйым салу талабын ескеру қажет. Осылайша, мұнай өнімдерін «жамылғы тауарлар» ретінде, оның ішінде ЕАЭО шегінен тыс жерлерге шығаруды бақылауды күшейту қажет», – делінген бұйрық жобасында.

Бұған дейін мұнай өнімдерін елден шығаруға 2024 жылғы 29 қыркүйектен 2025 жылғы 29 наурызға дейін тыйым салынған еді.