БИЫЛҒЫ ЖАЗДА АУА РАЙЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында жаз айларына арналған ауа райы болжамын айтты.

− Маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы қалыпты болады, яғни елдің солтүстігі мен орталығында 17-20 градус, ал батысында – 23-25 градус болады деп күтіледі. Оңтүстік-батыста және оңтүстікте әдеттегіден ыстығырақ болады, жазық бөлікте орташа температура 24-28 градус, ал максималды температура – 45 градусқа дейін жетеді. Елдің батысында және солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстігінде жауын-шашын норма шегінде, ал қалған аумақта көбінесе нормадан аз болады, − деді Экология министрі.

Жауын-шашын негізінен көпжылдық нормалар шегінде болжанады, солтүстік-батыста, солтүстікте, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын нормадан жоғары болады деп болжанған.

− Тамыз, қыркүйек айлары егіннің пісуі мен оны жинау жұмыстарына қолайлы болады деп күтілуде. Мол және ұзаққа созылатын жауын-шашын күтілмейді, елдің басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады, − деді Ерлан Нысанбаев.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі биылғы егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Шаруалар үшін түпкілікті баға литріне 254 теңгеге беріледі, бұл нарықтан 20%-ға арзан.