ШЫМКЕНТТЕ «ДЕНСАУЛЫҚ БҰРЫШЫ» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

“Арбат” демалыс аймағында «Денсаулық бұрышы» акциясы аясында 26 мамырдан қалалық емханалардың бейінді мамандары сауда орталықтарында тұрғындарды қабылдап, медициналық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетуде. Бұл шара 28 мамырға дейін жалғасады.
Акция барысында педиатр, неврапотолог, офтальмолог, эндокринолог сынды бейінді мамандар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер тұрғындарға тегін кеңесін айтып, алдағы уақытта ем-шара қабылдауларына бағыт-бағдар беруде.
Мысалы, қала тұрғыны Нәсиба Отаралиева 6 жылдан бері қант диабетіне шалдыққанын айтты. Инсулин қабылдайды екен. Бүгін ол жалпы тәжірибелік терапевт дәрігерге, сосын эндокринологқа көрініп, дәрігерлік кеңес алды.
— Осындай акциялар мен сияқты денсаулығын қалпына келтіре алмай жүрген қала тұрғындарына ауадай қажет. Ұзын-сонар кезек күтпейсің. Барлығы да білікті мамандар. Бастан-аяқ тексеріп, қажетті ем-домды жазып, ақыл-кеңесін айтып жатыр. Мұндай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса, — дейді ол.
Шара барысында Қор филиалының мамандары МӘМС жүйесі туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Ал «Денсаулық бұрышы» акциясын «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы филиалы ұйымдастырды.