МОДУЛЬДІ ЛАГЕРЬ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Балалардың демалысы – олардың дамуы мен денсаулығы үшін аса маңызды кезең. Жаз мезгілінде сауықтыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру – Түркістан облысының басым бағыттарының бірі болып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңірде алғаш рет модульдік лагерь жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бастама – балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалған нақты қадам және өңірдегі демалыс жүйесін жаңғыртудың заманауи үлгісі.

2024 жылы Түркістан облысында 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнату жоспарланған. Бұл жаңашыл жоба арқылы 7500-ден астам қосымша орын ашу көзделуде. Модульді құрылымдардың басты артықшылығы – жылдам орнатылуы, ыңғайлылығы және заманауи талаптарға сай жабдықталуы. Аталған жобаның алғашқысы – «Балауса» жазғы сауықтыру лагері базасында іске асты. Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты бұл нысан күрделі жөндеуден өтіп, оның аумағына 10 модульді жатақхана орнатылды. Әрқайсысы 20 балаға арналған жаңа корпустар заманауи жиһазбен, төсек орындарымен, жеке шкафтармен және жарықтандырылған, эстетикалық көркем безендірілген бөлмелермен жабдықталған. Алғашқы 350 оқушы «Балаусада» жазғы демалысын бастап кетті. Олардың ішінде 250 бала – Түркістан қаласынан, 100 бала – Сауран ауданынан қабылданған. Лагерь 7 лекпен 2000-нан астам баланы қабылдауды жоспарлап отыр.

Балалар жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру жұмыстары тек Түркістан қаласымен шектелмейді. Мақтаарал ауданындағы «Толағай» лагері де жөндеуден өтіп, алғашқы демалушыларын қабылдады. Жөндеу жұмыстары лагерьдің инфрақұрылымын жақсартып, балаларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, лагерь әр маусымда 200 бала қабылдай отырып, 8 лекпен жалпы 1500-ге жуық оқушыны қамтитын болады. Лагерьлерде балалар тек демалып қана қоймай, шығармашылық және дене дамуына бағытталған мазмұнды бағдарламалармен қамтылған. Күн тәртібі келесідей — таңғы жаттығу және шынығу жаттығулары. спорттық-эстафеталық жарыстар, интеллектуалдық сайыстар мен мәдени іс-шаралар, күнделікті бассейн және дене шынықтыру жаттығулары мен 5 мезгіл толыққанды тамақтану. Мұндай кешенді бағдарлама баланың физикалық, психологиялық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жазғы сауықтыру маусымының қауіпсіз әрі тиімді өтуін тікелей бақылауда ұстап отыр. Әсіресе лагерьлердегі санитарлық жағдай, тағам сапасы, қауіпсіздік талаптары және педагогикалық құрамның дайындығы – басым назарда. Бұл – балалардың демалысын тек қызықты емес, қауіпсіз және мазмұнды етуге бағытталған кешенді саясаттың көрінісі. 2024 жылғы маусым статистикасы: 43 мың бала – лагерьде, 300 мыңнан астамы – мектеп жанындағы демалыста. Жалпы, биыл Түркістан облысында 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь жұмыс істейді. Олар арқылы 43 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, 300 мыңнан астам бала мектеп жанындағы лагерьлер, экскурсиялар, танымдық, спорттық және мәдени іс-шаралармен қамтылатын болады. Бұл көрсеткіш – облыстағы жалпы оқушылар санының 70%-дан астамының жазғы мезгілде құрылымды демалыспен қамтылатынын көрсетеді.

Балалардың жазғы сауықтырылуы – бұл тек уақыт өткізу емес, денсаулықты нығайту, әлеуметтену, шығармашылық пен тұлғалық дамуға арналған ерекше кезең. Түркістан облысында бұл бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстар – өңірдегі білім мен әлеуметтік саясаттың баланы тұлға ретінде тануға негізделгенін дәлелдейді. Модульді лагерьлер, жаңғыртылған демалыс базалары, сапалы бағдарлама – мұның бәрі балалар игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар. Жаңа үлгідегі бастамалар – тек 2024 жылғы науқан емес, алдағы жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегияның басы.