ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

28
0

Қазақстанның денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Бұл үрдіс әсіресе Түркістан облысында айқын көрініс тауып отыр. Медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты іс-шара тек мерекелік сипатта ғана емес, саланың дамуына баға беру, медицина мамандарының еңбегін елеп-ескерудің жарқын көрінісіне айналды.

Салтанатты жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, үздік дәрігерлер мен мейірбикелер, әртүрлі емдеу мекемелерінің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, халық денсаулығы жолында жан аямай еңбек етіп жүрген сала мамандарына ерекше алғыс білдірді. Жиын аясында медицина саласының үздіктері «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Мұндай марапаттар – дәрігер мен медбике еңбегінің қоғам алдында әділ бағалануының белгісі.

Соңғы жылдары Түркістан облысы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту мен кеңейту бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, 2024 жылы 55 жаңа медициналық нысан салынды. Оның ішінде 49 мекеме – «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық пилоттық жобасы аясында, 2 мекеме – дайын ғимараттарды сатып алу арқылы, 1 нысан – жеке инвестиция есебінен, 3 нысан – жергілікті бюджет есебінен ашылған. Бұл бастамалар – ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасындағы теңсіздікті қысқарту, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және жедел медициналық қызметке халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.

2024 жылы облыста 4 аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Тағы 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Сонымен қатар, 2 аурухананың құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде белгіленіп отыр. Мұндай жаңғырту жұмыстары жаңа медициналық құрал-жабдықтарды орнатуға, заманауи стандарттарға сай палаталар мен бөлімшелер құруға, науқастарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Медициналық қызмет сапасы тек инфрақұрылыммен емес, адам капиталымен де тығыз байланысты. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен салалық басқарма жүйелі түрде инвестиция салып келеді. 20 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттырды. 75 медицина қызметкері шетелдік мамандардан халықаралық деңгейде білім алды. Қосымша 200 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 190 орта буын медицина қызметкерін оқыту жоспарда тұр. Бұл – сала ішіндегі кәсіби стандартты арттыру, жаңа емдеу әдістері мен технологияларды меңгеру және пациентке бағдарланған қызмет сапасын көтеру үшін атқарылып жатқан маңызды шаралар.

Медицина қызметкерлеріне деген құрмет тек марапаттаумен шектелмеді. Жиын барысында салада көп жыл еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетілді. «Үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Арнайы сый-сияпаттар табысталды. Бұл – медицина мамандарының еңбегі бағаланатын қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды қадам. Түркістан облысындағы медицина саласының қарқынды дамуы – жергілікті басқару мен орталық саясаттың тиімді байланысының нәтижесі. Инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу, кадр даярлау және сала мамандарына құрмет көрсету — бәрі бір мақсатқа: халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Медицина қызметкерлеріне жасалған мұндай құрмет – олардың ел алдындағы миссиясының қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Бұл – жай ғана мереке емес, денсаулық сақтау саласының стратегиялық маңызын тағы бір еске салған күн болды.