ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ МЕН ҮЗДІК МАМАНДАР – КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА

24
0

Мемлекеттік қызмет – қоғам өмірінің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттіліктің тірегі. Осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің құқықтық, әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қорғалуы – кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов жақында Шымкент қаласының қаржы басқармасына арнайы барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Бұл – бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланысты нығайтуға бағытталған маңызды шара болды.

Кездесуде Серік Елемесұлы «Қызмет» салалық кәсіподағының XII-съезінде қабылданған шешімдерге жан-жақты тоқталып, съезд нәтижесінде әзірленген 2025–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасының мазмұнымен бөлісті. Бағдарламада еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, гендерлік теңдік, құқықтық сауаттылықты арттыру және қызметкердің кәсіби дамуына қолдау көрсету сынды бағыттар қамтылған. Бұл құжат – кәсіподақ қызметінің жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуінің басты кепілі ретінде қарастырылып отыр. Қаржы басқармасы қызметкерлері тарапынан кәсіподақтың алдағы жоспарларына қызығушылық танытылып, сұрақтар қойылды. Жиын ашық пікір алмасуға негізделіп, нақты ұсыныстар айтылған мазмұнды кездесуге айналды.

Кездесу барысында басқарма қызметкерлері «Қызмет» салалық кәсіподағының арнайы марапаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігіне берілген жоғары бағаның көрінісі. Қаржы басқармасында өткен бұл кездесу – мемлекеттік құрылым мен кәсіподақ ұйымының өзара сенімді әріптестігі мен әлеуметтік диалогының нақты көрінісі. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік жағдайын нығайтуға, ұжым ішіндегі корпоративтік рухты қалыптастыруға оң ықпал етеді. Серік Әуесхановтың бастамасымен өткізілген осындай кездесулер кәсіподақтың нақты жұмыс істейтін ұйым екенін көрсетіп, еңбек ұжымдары арасында қолдауға ие болып отыр. Ал бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіподақ қозғалысының тірегі ретінде нақты әрекеттерге негізделген жұмыстарды жалғастыруда. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік. Ал осы жолда адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерге көрсетілген әрбір құрмет – қоғамның дамуына қосылған үлес.