КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысының аудан, қалаларында әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нақты мысалы – Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында қолға алынған бірнеше маңызды жобалар. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың Кентау қаласына жасаған іссапары барысында бірқатар құрылыс нысандарының барысымен танысып, мердігерлер мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Ауыл халқы көптен күткен Қарнақ ауылындағы мәдениет үйі – осы сапардың басты нысандарының бірі болды. Жалпы аумағы 0,7 гектар жерді алып жатқан бұл мәдениет ошағы 300 көрерменге шақталған. Қазіргі таңда екі қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысанның жарықтандыру жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырып жатқан мердігер – «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен жалпы көлемі 793 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта нысанның монолит құю, бетондау сияқты негізгі құрылымдық жұмыстары аяқталып, келесі кезеңдерге дайындық жұмыстары жүруде. Бұл мәдениет үйі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқандықтан, оның маңыздылығы жоғары. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін немесе 2026 жылдың басына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жобадағы кемшіліктерді жоюды және нысанды уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды.
Іссапар барысында Нұралхан Көшеров Қарнақ ауылында салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңында да болды. Аталған жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Бірінші кезеңде 1500 бас ірі қара малын бордақылауға арналған кешен болашақта 5 мың басқа дейін кеңейтіледі. Жоба іске асқанда мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Бордақылау алаңы 31 гектар аумақта орналасқан. Бұл кешеннің ерекшелігі – өндірілген өнімнің ішкі нарықпен қатар шетелдік нарыққа да экспортталуы көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, облыстың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар облыс басшысына Қарнақ ауылында салынатын шағын өндірістік парктің жобасы да таныстырылды. Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлер мен шағын бизнесті қолдауға бағытталған. Өндірістік паркте бірқатар шағын өндіріс ошақтарының ашылуы жоспарланып отыр. Мұндай бастамалар ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, халықтың жұмыспен қамтылуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, Қарнақ ауылында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар – облыс басшылығының елді мекендерді дамытуға деген ерекше көңілінің айғағы. Мәдениет, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытындағы бастамалар елді мекендердің әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.