ӘКІМ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІН ЕСКЕРІП, ТЕЗ АРАДА САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУДЫ ТАПСЫРДЫ

92
0
Қазір Шымкент қаласында сапалы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанның атап айтқанда, 4 елді мекенде ішкі жүйелердің және қосалқы станса мен электр тарату бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жарық желілері Ынтымақ, Батыс, Тұран, Түркістан, Қайнар бұлақ, Нұрсәт, Бозарық, Асар елдімекендеріне тартылуда.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов Түркістан шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады. Қазіргі таңда мұнда 8,6 шақырым электр желісі тартылып, 3 трансформатор стансасы мен 352 бағана орнатылды. Құрылыс 95 % аяқталған.
Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындардан электр қуатының төмендігі, апаттық жағдайлар бойынша өтініштер көп түсіп жатқанын ескертіп, жаңа электр желілердің құрылысын тамыз айына дейін аяқтап, тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды. Нысан іске қосылғанда 436 абонент үздіксіз жарыққа қол жеткізеді. Айта кетейік, биылғы алғашқы тоқсанда Батыс, Тұран, Қайнар бұлақ, Түркістан, Нұрсәт елдімекендерінде ішкі электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 153,2 шақырым электр желілері мен 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор мен қосалқы станция орнатылды. Нәтижесінде 10 мыңға жуық отбасы сапалы электр қуатымен қамтылды. Айта кету керек, Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қалаға қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендер үлкен құрылыс алаңына айналған. Нақтырағы, сапалы ауыз су, көгілдір отын мен электр жарығы тартылып жатыр. Өткен жылы да қыруар іс тынған болатын. Биыл көрсеткіштер еселене түспек. Жыл соңына дейін Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық елді мекендеріндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.