КЕНТАУ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІЛІС КӨЗІ

Түркістан облысы соңғы жылдары тек мәдени-рухани орталық ретінде ғана емес, өндірістік әлеуеті жоғары өңір ретінде де танылып келеді. Аймақта индустрияландыруға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорындар ашылып, өңір экономикасы әртараптандырылып жатыр. Бұл бағытта Кентау қаласындағы индустриалды аймақтың рөлі айрықша.
Бүгінгі таңда Кентау қаласында 43 гектар аумақты қамтитын индустриалды аймақта өндіріс көлемі артып келеді. Мұнда қазіргі таңда жеті жоба іске қосылған болса, жыл соңына дейін тағы үш өндірістік нысан пайдалануға берілмек. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров осы өндірістік аймақты арнайы аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, металл бұйымдары мен құрылыс материалдары өндірісі өңірлік экономика үшін басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Өңір басшысы аралау барысында «АБН Альянс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің полиэтилен құбырларын өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын – Кентау индустриалды аймағындағы маңызды жобалардың бірі. Сонымен қатар зауыт аумағында кірпіш өндірісі де жолға қойылған. Жалпы цехта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 1,5 миллиард теңге. Бұл өндіріс орны тек жергілікті емес, көршілес өңірлерге де өнім жеткізіп, нарық сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
Кентау қаласы бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 16 инвестициялық жобаның жоспары бекітілген. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 492 жаңа жұмыс орны құрылуы көзделіп отыр. Оның ішінде өнеркәсіп саласына қатысты төрт нақты жоба іске асады. Атап айтқанда, екеуі арнайы экономикалық аймақта, екеуі Кентау индустриалды аймағында орналасқан. Бұл жобалардың барлығы аймақтың өндірістік әлеуетін күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында жүзеге асатын жобалардың қатарында «TURAN SHENHUA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ қазандықтары мен тұрмыстық техникалар өндірісі ерекше орын алады. Аталған кәсіпорынның құрылысы биыл қараша айында аяқталып, толық қуатқа шыққанда 120 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Жоба құны – 2,4 миллиард теңге. Бұл жоба өңірдегі отандық өнім өндіру бағытын дамытып, импортты алмастыруға бағытталған нақты қадам болмақ. Сонымен қатар, Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» серіктестігінің металл бұйымдарын өндіретін жобасы іске қосылуда. Жобаның құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілген соң мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл өндіріс орны нарықтағы сапалы металл өнімдеріне деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңірде металл құрылымдарын өндіру саласы да даму үстінде. Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақ аумағында «Сапар Құрылыс-С» жеке кәсіпкерлігі металл құрылымдары өндірісіне арналған цехтың құрылысын жүргізіп жатыр. Құны 400 миллион теңгені құрайтын бұл жоба іске қосылғаннан кейін 60 адамды тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі пайда болады. Бұл жобалардың барлығы – Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында қолға алынған стратегиялық бастамалар. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауы мен индустриялық аймақтардың тиімді ұйымдастырылуы нәтижесінде Кентау секілді қалаларда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті экономиканың серпінді дамуына жол ашылуда. Кентаудағы индустриалды аймақтың қарқынды дамуы – тек бір қаланың емес, бүкіл облыстың экономикалық мүмкіндіктерін арттыратын маңызды буын. Мұндай аймақтарда жүзеге асатын жобалар арқылы Түркістан өңірі республика бойынша индустриялық даму көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарлы өңірлердің қатарына енуге толық мүмкіндік алады.