АЛТЫНШАҒАН КӨШЕСІНДЕГІ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«AMANAT» партиясы соңғы жылдары халықтың мәселесін шешу, тұрғындардың өтініш-тілектерін назардан тыс қалдырмау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Партияның әр аудан мен қалада орналасқан қоғамдық қабылдау бөлмелері – халық пен билік арасындағы дәнекер рөлін атқаратын маңызды алаң. Мұнда келіп түскен әрбір өтініш пен ұсыныс жауапсыз қалмай, тиісті мекемелерге жолданып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі түрде бақыланады.
Солардың бірі – Шымкент қаласындағы Абай аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Асар-2 шағын ауданының тұрғындарынан түскен өтініш. Жергілікті халық Алтыншаған көшесінің бойына тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, көмек сұраған. Көшеде жиналмай қалған қоқыс үйінділері мен ретсіз жатқан қалдықтар тұрғындардың күнделікті өміріне қолайсыздық туғызып қана қоймай, санитарлық жағдайды нашарлатып, қоршаған ортаға да кері әсер етіп келген. Өтініш қабылданған сәттен бастап партия өкілдері мәселені назарға алып, тиісті органдарға хабарласты. Абай аудандық партия филиалы бұл жағдай туралы Абай ауданы әкімдігіне ресми түрде мәлімдеп, мәселенің қысқа мерзімде шешілуін сұрады. Әкімдік тарапынан да бұл өтінішке жедел әрекет етіліп, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан әкімі аппаратының мамандары Асар-2 шағын ауданы, Алтыншаған көшесінің бойына шығып, қоқыс қалдықтарын жинап, көше бойын ретке келтірді. Жұмыс барысында тұрмыстық қалдықтар ғана емес, құрылыс материалдарының қалдықтары мен табиғи қураған өсімдіктер де толықтай шығарылды. Нәтижесінде, көше көркі айтарлықтай жақсарды, тұрғындардың да көңілі орнықты.
Мұндай нақты нәтижелер партия жұмысының тиімділігін көрсетеді. Өйткені тұрғындар көтерген мәселе тек хат жүзінде қалып қоймай, нақты іс-шаралар арқылы шешімін табуда. Бұл – халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдық белсенділікті арттыратын маңызды фактор. Тұрғындар өз кезегінде көрсетілген қолдау мен жедел әрекет үшін партия филиалына және аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді. Олар мұндай жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін атап өтіп, келешекте де өз аудандарындағы тәртіп пен тазалықты сақтауға үлес қосуға дайын екендерін жеткізді. Бұл жағдай кез келген елді мекеннің көркі мен тұрғындарының денсаулығы ең алдымен тазалыққа байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондықтан партия мен жергілікті билік органдарының бірлесе атқарған жұмысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Ал мұндай ынтымақтастық үлгісі басқа аудандарға да үлгі болары сөзсіз.