СИТУАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласында кәсіподақ қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды іс-шара өтті. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов жоспарға сәйкес «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында филиалға қарасты мүшелік ұйымдардың бірі – Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының «Шымкент қаласының ситуациялық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесті. Бұл акцияның басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің жағдайымен танысу, еңбек құқықтарының қорғалуын бақылау және ұжыммен тығыз байланыс орнату.
Кездесуге орталықтың кәсіподақ төрайымы Дидар Оразбекқызы Мақашова да қатысып, ұжым мүшелерімен бірге ұйымның қазіргі жағдайы мен жоспарлары талқыланды. Басқосу барысында еңбек қатынастарына байланысты мәселелер, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ техника қауіпсіздігі ережелерін сақтау жайы сөз болды. Кәсіподақ төрағасы еңбек заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер туралы да түсіндірме жасап, қызметкерлерге өз құқықтарын қорғау жолдарын жеткізді. Сонымен қатар жиында «Қызмет» салалық кәсіподағының 2025-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Бағдарламада әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер белгіленген. Бұл бастамалардың барлығы кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлін арттырып, еңбек адамының құқығын қорғауды басты орынға қойып отырғанын көрсетеді. Кездесудің қорытынды бөлімінде Серік Әуесханов орталық қызметкерлерін Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен және Ата заңымыздың 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол Конституцияның елдің дамуындағы маңызына тоқталып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуында кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіподақ қозғалысына белсенді атсалысып жүрген бірқатар қызметкерлер арнайы марапаттарға ие болды. Олардың ішінде орталықтың кадр маманы Гүлжан Талғарбекқызы Қасымбекова «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Бұл төсбелгі – еңбекке адалдық пен жауапкершіліктің айғағы. Сонымен қатар инспекторлар Расул Нұрлайым мен Жорабаева Ажар Сайлаубайқызы «Құрмет грамотасымен» марапатталса, орталықтың тағы бірқатар белсенділері – Жақыпбекова Гүлдана Ержанқызы мен Сәрсенбаева Барно Ілесбекқызы кәсіподақтың «Алғыс хатына» ие болды. Бұл марапаттар еңбек ұжымындағы ынтымақтастық пен әрбір қызметкердің еңбегін бағалау дәстүрінің жалғасы болып табылады. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі де – жұмысшылардың адал еңбегін мойындап, қоғам алдында насихаттау.
Жалпы алғанда, өткен кездесу кәсіподақ пен еңбек ұжымы арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ұжымдағы ынтымақ пен бірлікті күшейтуге ықпал етті. Осындай кездесулердің жүйелі түрде өткізілуі еңбек мәдениетін дамытып қана қоймай, қызметкерлердің өз жұмысына деген жауапкершілігін арттырады. Шымкент қаласындағы кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, оның құқықтарын қорғауға жасалып жатқан нақты қадамдардың көрінісі. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен бұл кездесу – соның жарқын дәлелі.