ДЕПУТАТ АЗАМАТТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

39
0

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында азаматтардың құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешуге арналған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Талғат Балтабаев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдап, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Қабылдау барысында әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмай, қолдау көрсетуге бағытталған нақты шаралар қабылданды.

Азаматтардың бірі анасының ауыр науқасқа байланысты ота жасатқаны жайлы айтып, ем-домына жәрдем қажет екенін жеткізді. Бұған қоса, отбасылық жағдайдың қиындап, баспанасыз, көшеде қалғанын ашына баяндады. Бұл мәселені тыңдаған депутат Талғат Балтабаев азаматқа қолдау көрсетуге әзір екенін айтып, ең әуелі анасының күтімін дәрігерлердің жіті бақылауына алуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен бірге, баспана мәселесі шешілгенге дейін қаржылай көмектесетінін атап өтті. «Қандай қиындық болса да, мойымау керек. Қолдан келген көмекті аямаймыз» деп сендірді халық қалаулысы. Қабылдауға келген тағы бір тұрғын – Ынтымақ-2 елдімекенінің тұрғыны. Ол алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан айырылып қалу қаупі барын айтып, көмек сұрады. Оның сөзінше, кейбір құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі сылтаулар айтып, қорқытып-үркіту әрекеттерін жасаған. Бұл мәселені депутат назарға алып, тиісті шара қолдануға уәде берді. Тіпті, қабылдау үстінде-ақ учаскелік полиция қызметкерімен байланысып, жағдайға қатысты түсінік беруін талап етті. Сонымен бірге, азаматты қорқыту әрекеттерін тоқтатып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбауға қатаң ескерту жасады. Депутат бұл істің Жер комиссиясының қатысуымен толық қаралатынын атап өтті. Қабылдау барысында әрбір өтініш жеке қаралып, мүмкіндігінше жедел шешімін тапты. Күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Азаматтарға заңдық кеңес беріліп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да қолдау көрсету тетіктері қарастырылды.

«AMANAT» партиясы үшін мұндай қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Себебі, тұрғындардың жанайқайын тікелей тыңдап, нақты әрекеттер жасау – партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, азаматтардың мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, баспанасыз қалған жандарға және құқықтық сауаты жеткіліксіз азаматтарға көмектесу басты назарда. Бұл қабылдау партия мен халық арасындағы байланыстың қаншалықты тығыз екендігін тағы бір мәрте көрсетті. Азаматтар өздерінің проблемасын ашық айтып, шешімін іздеуге мүмкіндік алды. Ал депутаттар тарапынан дер кезінде жасалған қолдау тұрғындарға сенім сыйлады. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да қоғамның әл-ауқатын көтеруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жалғастыра бермек.