ЖАСДӘУРЕН ШАҒЫН АУДАНЫНДА БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

Шымкент қаласында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Соның айғағы ретінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Еңбекші ауданына қарасты «Жасдәурен» (Ворошиловка) шағынауданындағы №67 орта мектепке барып, жергілікті халықпен тікелей жүздесуі айтуға тұрарлық. Өткен аптада өткен алғашқы кездесуде ата-аналар мен тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерген болатын. Қала басшысы бұл өтініштердің барлығын назарға алып, араға көп уақыт салмай қайта келіп, мәселенің шешілу барысын жеке бақылап шықты.
Қала әкімінің тапсырмасымен аудан әкімдігі мен тиісті басқармаларға қосымша көше жарықтарын орнату, бейнебақылау камераларын қою, тұрғындарға қолайлы болатындай орындықтар орналастыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу және көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Бұл қадамдар ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қосымша жарықтандыру мен бейнебақылау қылмыстың алдын алуға ықпал етсе, тротуарлар мен жолдарды ретке келтіру балалардың мектепке және тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына айтарлықтай жеңілдік әкелмек. Мектеп аумағы мен шағынаудандағы инфрақұрылым мәселесін шешу тұрғындар үшін үлкен қолдау болып отыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көтерілген барлық мәселелердің өз бақылауында болатынын атап өтті. Бұл әкімдік жұмысының жаңа үлгісін көрсетеді. Яғни халықпен тікелей байланыс орнатып, мәселелерді кабинеттен емес, жергілікті жерде шешу қарқынды іске асып келеді.
Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары алдағы жұмыс жоспарында ескерілмек. Демек, бұл кездесу бір реттік шара емес, жүйелі жұмыстың бастамасы болмақ. Қала билігінің басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірін қамтамасыз ету. Шағынаудан тұрғындары үшін жасалып жатқан бұл өзгерістер бүкіл қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдірудің үлгісіне айналуы ықтимал. Осылайша, «Жасдәурен» шағынауданындағы кездесуден кейін қолға алынған шаралар тек осы аумақпен шектелмей, басқа да аудандарда жалғасын табатыны сөзсіз. Бұл – қала әкімдігінің халыққа барынша жақын болуға, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асуға және дер кезінде әрекет етуге ұмтылатынын көрсететін нақты қадам.