МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫНДА 600-ГЕ ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

46
0

Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары өңірлердің қатарында. Соңғы жылдары аймақтың барлық аудандарында жаңа өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік нысандардың құрылысы жанданып келеді. Солардың бірі – Сауран ауданы. Бұл өңірдің әлеуетін көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар облыс басшылығы тарапынан үнемі бақылауда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары осының айғағы.

Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты. Әкімнің айтуынша, Сауран ауданы – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізіп келе жатқан өңір. Мұндағы басты мақсат – инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Облыс әкімі әр жобаны сапалы әрі уақытында аяқтау қажеттігін қатаң ескертті. Жұмыс сапары барысында назар аударылған ірі жобалардың бірі – «Мырзахан» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы. Бабайқорған ауылдық округінде орналасқан бұл кешеннің аумағы 20 гектарды құрайды. Жоба құны – 8 млрд теңге. Мұнда 10 мыңға жуық мал бордақыланып, ет сақтау қоймасы, мал сою бекеті, сондай-ақ тері, қан және тұяқ өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Бұдан бөлек, жем-шөп дайындау, тыңайтқыш өндіру алаңдары мен ветеринарлық қызмет көрсету орталығы да қарастырылған. Нысанның толық қуатында жұмыс істеуі 600-ге жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Бұл ауылдық жерде халықты жұмыспен қамтуға зор үлес қосатыны анық. Әкімнің назарында болған келесі өндірістік жоба – «БИНЭКС» ЖШС-нің кірпіш зауыты. Жібек Жолы ауылдық округінде орналасқан бұл кәсіпорын жылына 3,5 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Зауыт күніне 20 мыңнан астам кірпіш шығарады. Қазіргі таңда мұнда 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны 500 млн теңгені құрайды. Өндіріс орны заманауи технологиямен жабдықталған, бұл өнім сапасын арттыруға және нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Жаңа кірпіш зауыты аудан экономикасын әртараптандыруға елеулі серпін беріп отыр.

Сапардың келесі нысаны – Шорнақ елді мекенінде салынып жатқан спорт кешені. Бұл жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы басталып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Спорт кешені 300 адамға арналған. Оның ішінде футбол, баскетбол, күрес, бокс және дене шынықтыру залдары болады. Мұндай нысандар жастардың спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, спорт кешенінің іске қосылуы ауданның мәдени және әлеуметтік өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді. Облыс әкімі әрбір нысанды аралап, жұмыс сапасына ерекше тоқталды. Жауапты мердігерлерге құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындау тапсырылды. Оның айтуынша, Сауран ауданында қолға алынған жобалар тек экономикалық өсімге ғана емес, әлеуметтік даму көрсеткіштеріне де айтарлықтай ықпал етеді. Жалпы алғанда, Сауран ауданындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтың болашағына үлкен үміт артады. Мал шаруашылығы кешені ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерсе, кірпіш зауыты өңірдегі құрылыс индустриясын дамытады. Ал спорт кешені әлеуметтік маңызы зор бастамалардың бірі ретінде халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Қорытындылай келе, облыс басшысының бұл сапары ауданның даму қарқынын күшейтуге және жобалардың жүзеге асуын жеделдетуге ықпал етті. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Сауран ауданының алдағы жылдары өсіп-өркендеуіне жол ашатын негізгі бағыттар болып қала бермек.