“Үздік әкімнен” қайран болмай тұр

521
0

Естімеген   елде көп. Оңтүстік Қазақстан облысында асфальт жолы жоқ ауыл бар. Ол Бәйдібек ауданындағы Тұрақты елді мекені. Тас жолындағы тастардың өзі бүгінге дейін балшыққа батып, араласып кетіпті.
Жол азабын тартқан тұрақтылықтардың басындағы жағдайды адамның басына бермесін. Қиналып отырған олардың күйімен танысқымыз келген. Алайда, асфальттан бес-алты ғана шақырымда жатқан ауылға көлік бара алмайды екен. Тұрақтылық тұрғындармен амалсыздық күйін кешіп ұялы телефон арқылы байланысып, пікірлерін білдік.


Бақыт Балабеков:
— Мен Тұрақты мен Шымкенттің арасында жолаушыларды «ГАЗельмен» тасимын. Қар еріп ауылдың сыртындағы жол лай болып жатыр. Сондықтан қанша күннен бері қалаға келе алмай жүргенмін. Кеше түндегі суыққа жер қатты. Бүгін таң атпастан сол қатқақ жібімей жолға шығып кеттік. Енді қайтуым уайым болып тұр. Бағыттағы уақыт бойынша түс қайта Тұрақтыға баруым керек.  Асфальт жол біткен жерге дейінгі барып, жердің қатқанын күтеміз. Жолаушыларым жаурайды, кейбірі суықтайды, басқа амалдары жоқ. Қара жолмен жер қатқан соң жүрсең де көлік кей тұстарда батып тұрып қалады. Ондай кезде жолаушыларым «ГАЗельді» итереді. Әр шұңқырдан жарты сағат, бір сағат дегенде зорға шығамыз. Бұл біздің күзде жаңбыр жауа бастағаннан көретін жағдайымыз. Қыста қалың қардан шыға алмай жатамыз. Енді көктемде жаз шыққанша осылай жүргеніміз.
Кейде телеарнада Африкадағы, Ауғанстандағы асфальт жолы жоқ ауылдарды көрсетеді. Оу, оны көрсетіп неғылады? Керек болса, біздің ауылға келсін. Сөйтіп, сол түсірілімімен бүкіл көрермендерін таңдандыруға болады.
Мен таңданамын, Қазақстан 20 жылда қарыштап дамыды. ТМД-ның алдына шықты. Жер серігін ұшырып ғарышқа жол салды. Бірақ, біздің ауылға асфальт жол салмады. Қызық…».

Қазбек Серманов:
—    Ауылымызда көлік қатынасы қиындаған соң аралда қалғандай күй кешеміз. Мұнда «Жедел жәрдем де» келе алмайды. Біреу ауырса, басқа жағдай болса әбіржіп қаламыз.  Жақында  ауылдағы бір келіншектің босанатын уақыты жақындады. Оны жақындары амал жоқ көлікке мінгізген. Сөйтіп, іске жарайтын азаматтар көлікті пәленбай шақырым итерген. Онда да осы арадан жеті шақырымдай жердегі Ақбастауға қарай… Оны перзентханадан әкелерде де бірнеше адам көлікті итеріп әкелу үшін көрші ауылға барған. Жолда сәбиіне суық тиіп ауырып қалғанға ұқсайды. Кейін тағы бір келіншек солай перзентханаға қиналып барып, қиналып келді. Ау, олар өліп кетсе кім кінәлі? Әкімдер өзлерін кінәлі санамас. Бірақ олар Тұрақтыда асфальт жолдың жоқтығынан хабардар.
Асфальт болмаған соң көлік жұқа қардың кезінде де қатты батады екен. Себебі, қардың асты бос, ойлы-қырлы болады. Сондықтан қыста қиналғандар көп. Жақында Ақбастау ауыл округінің әкімі Нұрлыбек Сүгірбаев тұрақтылықтарға есеп беру үшін жолға шыққан. Жарты жолда көлігінің доңғалақтары батып, тұрып қалды. Ол жақтан көмек сұраған адам келді. Содан соң мектеп жұмысшыларын өзім бастап барып, көмектестік. Әкім ауылға келе алмай кері қайтты. Әйтсе де, басқа күні келіп есебін беріп кетті. Айтайын дегенім, жол азабын ауыл әкімі де көрді».
Бұл кісілер осылай дейді. Өзге тұрақтылықтармен сөйлессек те осы сөздерді қайталайтыны белгілі.
Ал біздің білетініміз, осыдан бірер жыл бұрын жергілікті телеарнадан аудан әкімінің облыс әкіміне Тұрақтыға жол салу керектігі жөнінде айтқаны. Сонда облыс әкімінің ұсынысты қабылдамағанын көптеген көрермендер көрді. Сөйтіп, қатты таңырқағанбыз, түсінбегенбіз.
Мұнымен біз Асқар Мырзахметовті кінәламаймыз. Ол өте іскер әкім.  Онысын еліміздегі «Үздік әкім» деген номинациясын иеленгенінен білуге болады. Алайда сол үздік әкімнен тұрақтылықтарға қайран болмай тұр. Енді А.Исабекұлының аталмыш номинацияны алған кездегі  сөйлеген сөзінен үзінді берсек. «…Егемендiк алған 20 жылдың iшiнде ауылға бөлiнген қаржы мен көмек қыруар. Соның нәтижесiнде, бүгiнде аймақтардағы күрделi мәселелер шешiмiн тауып отыр».
Тұрақтыдағы жағдай мен әкімнің сөзін саралауды оқырманның еншісіне қалдырдық. Ең бастысы, аталған елді мекенге асфальт жол салына ма, жоқ па?

Р.S. Азаматтар осылай дейді, анау Африкаңызды, мынау іргедегі Ауғанстаныңызды мысалға келтіреді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын көлденең тартып, соншама мерзімде бір ауылдың өзгеріске ұшырамай, өзегінен тебіліп, кері кеткен күйін «жырлайды». Жырлап отырғандар сол өздері жырлаған жақтан ауып келмегендер, тұп-тура Асқар Исабекұлының ата қонысынан төрт шақырым іргелес орналасқан ауылдағы жерлестері, ағайындары. Хадистің өзінде «Әуелі өзіңді жарылқа, жақыныңды жарылқа, содан соң өзгені жарылқа» деген екен. Құп көретін сөз, өнеге алатын сөз, іске асыратын сөз. Теледидар арқылы осы ауылға жол салу жөніндегі ауылдастарының өтінішін орындаудан неге бас тартқанын Асқар Исабекұлының өзі ғана біледі. Баяғы «Ауыл жылдарынан» езуіне ырымға май тамбаған ауыл ұл мен қыз туатын аналарын көршілес Асекеңнің ауылы Ақбастауға апарып тудырып жатқанына да шүкіршілік. Осы жерде ақылымыз асқандықтан емес, екі жыл бұрын жүзеге асқан бір фактіні көлденең тартсақ, артық бола қоймас. Бүгінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, бұрынғы Бәйдібек ауданын басқарған Садық Кенжебаев деген азамат әкесі Оңғар ондаған жылдар басқарған Жыланды деген ауылдың бүткіл көшесі түгілі, ауылдастарының дәретханасының алдына дейін асфальттап берді. Ал Асекеңнің жиен күйеу баласы, Ақбастаудың әкімі Нұрлыбек Сүгірбаев мырза өзі басшылық ететін ауылға есеп беруге бара алмай жатса, халықты күттіріп қойса, оның обалы мен сауабы кімге? Әрине…

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.