ЗАҢСЫЗ САУДА ОРЫНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен қоғамдық қабылдау тағы да партияның халықпен тығыз байланыста екенін дәлелдеді. Бұл жолы қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Талғат Исхахов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайына жанашырлық танытты.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау мен тұрмыс жағдайына байланысты көмек сұрады. Әрбір өтінішті жеке тыңдаған депутат азаматтардың өтінішіне бейжай қарамай, жеке қаражаты есебінен бір реттік көмек көрсетті. Кездесу барысында қарапайым кәсіпкерлердің де өзекті мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Қаратөбе тас жолының бойында орналасқан дүңгіршекте сауда жасап келген тұрғын полицейлердің сауда жасауға рұқсат бермей отырғанын айтып, көмек сұрады. Бұл мәселе әлеуметтік сипаттан бөлек, құқықтық тұрғыдан да маңызды болды. Себебі, қала аумағындағы рұқсатсыз сауда орындары мен көше саудасына қатысты талаптар заңмен қатаң реттелген. Депутат мәселенің мән-жайына терең үңіліп, Еңбекші ауданы әкімдігімен байланысқа шықты. Әкімдік өкілдері сауда орнының заң талаптарына сай еместігін және қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтінін түсіндірді. Осыған байланысты Талғат Исхахов азаматқа заңға қайшы әрекет жасамау қажеттігін айтып, саудасын жалғастыру үшін арнайы белгіленген жерден орын іздеуге кеңес берді. Бұл жағдай қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — бейресми сауданың көлеңкелі экономикаға әсерін және қалалық тәртіптің сақталуының маңызын көрсетті. Дегенмен, мәселені шешу жолында депутаттың ұстанған ұстанымы тепе-теңдік пен заңдылық қағидатына негізделді. Бір жағынан кәсіпкердің нәпақа табуына түсіністік танытып, екінші жағынан заң аясында әрекет ету қажеттігін түсіндіру арқылы әлеуметтік әділдіктің сақталуына ықпал етті.
«AMANAT» партиясы жүргізіп отырған қоғамдық қабылдаулардың басты ерекшелігі — олардың нақты нәтижеге бағытталуы. Бұл тек халықтың мәселесін тыңдау емес, сонымен қатар оны шешу жолдарын көрсетуге, азаматтарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеуге арналған тиімді алаң. Мұндай форматтағы кездесулер азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтып, мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Партияның бастамасымен өтіп жатқан «Құқықтық көмек» жобасы әлеуметтік жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, қоғамда заң мәдениетін қалыптастыруға да септігін тигізіп келеді. Тұрғындар өз өтініштерін ашық айтып, мәселелерін тікелей халық қалаулылары арқылы жеткізе алады. Ал депутаттардың мұндай қабылдаулардағы белсенділігі партияның нағыз халықтық ұйым екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Шымкент қаласында өткен бұл қабылдау да — соның айғағы. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, құқықтық тұрғыдан күрделі мәселелерге нақты түсініктеме берілді. Талғат Исхаховтың әрекеті партияның басты қағидаты — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді.