«ДАНАЛЫҚ КӨПІРІ» ЖАСТАР МЕН ҚОҒАМДЫ ТОҒЫСТЫРДЫ

Шымкент қаласында «Даналық көпірі» атты жаңа форматтағы интерактивті кездесулер сериясы басталды. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі тарапынан ұйымдастырылып отыр. Бастаманың түпкі мақсаты – қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастар мен ақсақалдар арасындағы өзара түсіністік пен диалогты дамыту, сондай-ақ этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру.

«Даналық көпірі» жобасы – ата-бабадан келе жатқан тәлім-тәрбиені заманауи қоғам талаптарымен ұштастыруға бағытталған ерекше қадам. Кездесулер барысында өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар мен қоғамдық пікір көшбасшылары жастармен еркін форматта сөйлесіп, оларды отансүйгіштікке, жауапкершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге шақырады. Бұл – тәлім мен тәрбиенің, даналық пен жаңашылдықтың түйісетін алаңы. Жоба аясындағы алғашқы кездесулер Халықтар достығы университетінде және №96 жалпы орта мектепте өтті. Ал кезекті басқосу Шымкент қалалық Политехникалық колледжінде ұйымдастырылып, оған жастар белсенді қатысты. Алдағы уақытта шара М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі мен «Достық үйінде» жалғасады. Кездесуге министрлік сарапшылары Ержан Ибраев пен Ботакөз Жарқынбекқызы арнайы іссапармен келіп, жобаның мәні мен мақсатын түсіндірді. Сондай-ақ жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Иманалы Байдаулетов, Кеңес төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев және Аналар кеңесінің өкілдері қатысты.

Жастар мен ақсақалдар арасындағы ашық пікір алмасу қоғамда өзекті мәселелерді бірлесе шешудің жаңа мәдениетін қалыптастырады. Бұл – билік пен қоғам, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы өзара түсіністікті арттырудың тиімді жолы. Әсіресе, қазіргі ақпараттық дәуірде әлеуметтік желілерде жиі кездесетін ұлтқа, дінге, тілге қатысты араздық тудыратын пікірлердің алдын алу – жобаның маңызды бағыттарының бірі. Бүгінгі әлемдік ахуалда этникалық және діни қақтығыстар жиі орын алып отырғаны белгілі. Осындай жағдайда Қазақстанның басты байлығы – бірлік пен татулық екенін жастардың санасына сіңіру аса маңызды. Кездесуде бұл мәселеге ерекше назар аударылып, жастарға өзара сыйластық, төзімділік және адамгершілік құндылықтарын бағалай білу жөнінде ой салынды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар елдің рухани қауіпсіздігін нығайтып, ұлттық бірегейлікті сақтауға септігін тигізеді. Себебі, жастардың бойында бейбітшілік пен келісім идеясын қалыптастыру – қоғам тұрақтылығының кепілі. Кездесу қорытындысында қатысушылар тек пікір алмасып қана қоймай, нақты ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, жастар ұйымдары мен білім беру мекемелерінде қоғамдық келісім тақырыбында тұрақты кездесулер өткізу, әлеуметтік желілерде бейбіт өмір мен толеранттылық құндылықтарын насихаттайтын арнайы медиа-жобалар дайындау сынды бастамалар ұсынылды.