«ТЭЦ-3 ЭНЕРГООРТАЛЫҚТА» ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласында Еңбек күніне орай ұйымдастырылған іс-шара еңбек адамдарына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. «ТЭЦ-3 Энергоорталық» кәсіпорнында өткен бұл мерекелік жиын еңбекқор жандардың қоғамдағы маңызын айшықтап, олардың тынымсыз еңбегін бағалауға бағытталды. Мерекелік шара барысында қатысушылар өндіріс орнын аралап, зауыттың жұмыс барысымен, қызметкерлердің күнделікті атқаратын ісімен танысты. Цехтар мен бөлімшелердегі экскурсия еңбек мәдениетінің жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Қатысушылар электр энергиясын өндірудің жауапкершілігі мен қауіпсіздік талаптарының қаншалықты маңызды екенін көзбен көрді.

Еңбек мерекесіне арналған жиынның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және жас ұрпаққа адал еңбек пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсету. Іс-шарада Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының табандылығына, еңбексүйгіштігіне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде әрбір азаматтың адал еңбегі елдің өркендеуіне, қаланың дамуына зор үлес қосатынын атап өтті. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіпорын басшылығы, жұмысшылар мен ардагерлер қатысты. Солардың бірі – кәсіпорынның ардагері әрі ҚХА жанындағы түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Қыдырәлі Насибов. Ол еңбек ұжымының қалыптасу кезеңдерін еске алып, жас мамандарды еңбекті қадірлеуге шақырды. Қатысушыларға зауыттың қызметі мен даму тарихы жөнінде «3-Энергоорталық» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы, Химиялық цехтың бастығы Талғат Қалдыкөзов кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, кәсіпорынның жетістігі – ұжымдық еңбектің және әрбір қызметкердің жауапкершілігінің жемісі. Мерекелік жиында үздік жұмысшылардың еңбегі ерекше атап өтіліп, оларға алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар тек формалды құрмет емес, еңбекқор жандардың үлгі тұтарлық табандылығын қоғамға насихаттаудың бір жолы болды. Айгүл Әмзеева өз сөзінде еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ұжымдағы бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Еңбек – елдің дамуы мен берекесінің негізгі тірегі. Әрбір адал еңбек – Отанға қызмет етудің айқын көрінісі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз қаламыздың жарқын келешегіне негіз болады», – деді ол.

«ТЭЦ-3 Энергоорталық» кәсіпорнының қызметкерлері үшін еңбек күні – тек кәсіби мереке ғана емес, ұжымдық рух пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күнде әрбір қызметкер өз еңбегінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін сезініп, мақтанышпен қабылдайды. Энергетика саласы – үлкен жауапкершілікті, жоғары тәртіп пен кәсібилікті қажет ететін сала. Кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі – онда қызмет ететін мамандардың біліктілігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі. Сондықтан да мұндай мерекелер еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, олардың қоғамдағы беделін нығайтуға септігін тигізеді.