“АДАЛ АЗАМАТ” БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ ТАРҚАТЫЛДЫ

Қазіргі таңда білім беру жүйесінің сапасын арттыру мен басқарушылық мәдениетті жетілдіру – заманауи мектептің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты маңызды іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. 2025 жылдың қазан айының басында институт директоры Медетбекова Меруерт Аскарбековна орта білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларымен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, басқарушылық құрамның кәсіби құзыреттілігін арттыру, жаңа заман талаптарына сай тиімді басқару жүйесін қалыптастыру болды. Бұл жиын тыңдаушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа құжаттармен танысып, білім беру саласындағы соңғы өзгерістер мен жаңалықтарды талқылауға мүмкіндік берді. Кездесу барысында “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы кеңінен қарастырылды. Бұл бағдарлама бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы бағытындағы негізгі құжаттардың бірі болып табылады. Бағдарламаның басты мақсаты – жас ұрпақ бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбексүйгіштік сияқты адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Мұндай құндылықтар тұлғаның азаматтық көзқарасын нығайтып, қоғамда өз орнын табуына ықпал етеді. Меруерт Асқарбекқызы өз сөзінде тәрбие процесінде әрбір басшы мен педагогтың рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, “Адал азамат” бағдарламасы қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Әрбір мектептің басқару тобы осы құндылықтарды өз ұжымында қалыптастырып, оқушыларға үлгі болуға тиіс.
Сонымен қатар, жиында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №272 бұйрығы да талқыланды. Бұл құжат педагогикалық кеңестің қызметін айқындап, шешім қабылдау процесіндегі әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мұғалімдер мен басшылардың пікірінше, аталмыш құжат оқу орындарының демократиялық басқару жүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады. Кездесу барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, өздерінің оқу орнындағы жетістіктері мен кездесетін қиындықтары жайлы ашық пікір білдірді. Көптеген сұрақтар педагогикалық кеңестің жаңа тәртібі, құжаттаманы жүргізу мәдениеті және басқару процесіндегі заманауи тәсілдерге арналды. Директор Меруерт Асқарбекқызы әр сұраққа нақты жауап беріп, қатысушыларға практикалық кеңес ұсынды.