ОТЫРАРДА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы уақытта бұл бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп келе жатқан өңірлердің бірі — Отырар ауданы. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, кәсіпкерлікті қолдау және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жобалар ауданда ерекше қарқынмен дамып жатыр.

Отырар өңірі ежелден егіншілік пен мал шаруашылығына қолайлы аймақ ретінде белгілі. Бүгінде ауданның бұл артықшылығы жаңа экономикалық серпінмен ұштасып, жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тиімді мүмкіндіктерге айналуда. Мемлекеттік қолдаудың және жергілікті биліктің бастамасының арқасында ауданның өндірістік әлеуеті айтарлықтай артып келеді. Ауданның ірі жобаларының бірі – «Eliko Snacks» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сублимациялық кептірілген жеміс өндіру кәсіпорны. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және аудандағы өнімдердің қосылған құнын арттыруға бағытталған. Заманауи технологияларды қолданатын өндіріс желісі арқылы табиғи жемістер өз қасиетін жоғалтпай, ұзақ мерзімге сақталатын дайын өнімге айналады. Бұл тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағдарланған өндіріс болмақ. Жоба аясында алғашқы кезеңде бес адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған сайын жұмыс орындарының саны да артады деп күтілуде. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 100 килограмм өнім өңдеуді жоспарлап отыр. Сублимациялық кептіру технологиясы – өнімнің сапасын сақтап, дәрумендерін жоғалтпай сақтау мүмкіндігін беретін ең заманауи әдістердің бірі. Сондықтан мұндай өнімдерге халықаралық нарықта үлкен сұраныс бар. «Eliko Snacks» жобасы тек өндіріс орнын ашу емес, сонымен қатар жергілікті шаруалардың еңбегіне жаңа нарық ашу деген сөз. Өйткені зауыт үшін қажетті жеміс-жидектер мен ауыл шаруашылығы өнімдері ауданның өз фермерлерінен сатып алынады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, агросектордың дамуына қосымша серпін береді.

Ауыл шаруашылығының тағы бір маңызды бағыты — мал шаруашылығы. Осы салада да аудан ілгері қадам жасап отыр. Ақтөбе ауылдық округінде «Мұрат» шаруа қожалығы 5000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын бастады. Аумағы 100 гектарды қамтитын бұл жоба іске қосылған кезде аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, ал ет өндірісінің көлемі бірнеше есе артады деп жоспарлануда. Жоба жүзеге асқан жағдайда Отырар ауданының ет өнімдері ішкі нарықпен қатар, облыс және республика деңгейінде де сұранысқа ие болады. Қазіргі таңда елімізде ет экспортына бағытталған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Осы орайда, «Мұрат» шаруа қожалығының бастамасы өңірдің экономикалық тұрақтылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қоспақ. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өндірістік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Ол әр жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына тоқталып, аудан билігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласында қолға алынған бастамалар ауданның дамуына жаңа қарқын беріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. «Біздің басты мақсатымыз – инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау. Әрбір бастамашы кәсіпкер өз жобасын сенімді түрде жүзеге асыра алуы үшін инфрақұрылым мен әкімшілік қолдау толық қамтамасыз етіледі. Отырар – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан үлкен әлеуетке ие өңір. Біз осы әлеуетті барынша тиімді пайдалануымыз керек» деді аудан басшысы.

Соңғы жылдары Отырар ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар іске асуда. «Бизнестің жол картасы», «Ауыл аманаты» және өңірлік инвестициялық жобалар арқылы ондаған кәсіпкер өз ісін ашып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, сақтау мен экспорттауға арналған инфрақұрылым да дами түсуде. Отырардың табысты жобаларының тағы бір ерекшелігі – экологиялық таза өнім өндіруге басымдық берілуі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін химиялық қоспасыз өңдеу, табиғи дәм мен сапаны сақтау – бұл кәсіпорындардың басты қағидаты. Мұндай тәсіл халықаралық стандарттарға сай болуға мүмкіндік береді және экспорттық нарыққа жол ашады. Отырар – тарихы терең, мәдениеті бай өңір. Енді бұл аймақ заманауи өндіріс пен инновациялық технологиялар арқылы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр.