АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 487 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай қарқын алып, облыс экономикасының жетекші бағыты ретінде дамып келеді. Бұл бағыттағы барлық жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Әкімнің тапсырмасымен әр сала бойынша нақты индикаторлар мен жоспарлар бекітілген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы ерекше назарда тұр. Себебі дәл осы сала өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының негізгі қозғаушы күші болып саналады.

Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 487,7 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайыздық өсімді көрсетеді. Сарапшылардың болжамына сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш триллион теңгеден асуы ықтимал. Мұндай серпін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын дәлелдейді. Өңір нарықты сапалы әрі отандық өніммен қамту мақсатында алдағы үш жылға арналған нақты жоспарды бекіткен. 2025-2027 жылдар аралығында жалпы құны 270,1 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жобалар арқылы 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал биылдың өзінде 1 700 адамды жұмыспен қамтитын 34 жоба қолға алынған. Оның ішінде жыл басынан бері 22 жоба сәтті іске қосылып, нәтижесінде 935 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл аймақтарындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін бастама. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы да айтарлықтай кеңейді. Былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі 34 мың гектарға ұлғайып, жалпы 907 мың гектар жерге түрлі дақыл егілді (2024 жылы – 872,5 мың гектар). Бұл – облыстың аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Биылғы жиын-терім науқаны маусым айында басталып, бүгінгі таңда барлық астық толықтай орылып, көрсеткіш 100 пайызға жетті. Бұл агросектордағы ұйымдастырушылық жұмыстың тиімді жүргізіліп жатқанын айғақтайды. Облыс диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында биыл 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша өнімдері және 234 мың тонна картоп жиналды. Бұл көрсеткіштер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығына қажетті азық қоры да жеткілікті деңгейде дайындалып жатыр. Биыл облыс бойынша 5,2 миллион тонна малазықтық дақылдарын жинау жоспарланған болса, қазан айының ортасына қарай 4,5 миллион тонна өнім дайындалып, бұл жалпы жоспардың 86 пайызына тең. Бұл – қыс мезгілінде мал азығымен қамту мәселесінің дер кезінде шешіліп жатқанын білдіреді. Жалпы, ауыл шаруашылығын әртараптандыру ісінде облыс басшылығы тиімді әрі табысты дақылдарға басымдық беріп отыр. Нарық сұранысына сай жоғары өнім беретін, экспорттық әлеуеті бар дақылдарды өсіру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу, су үнемдеу тәсілдерін пайдалану және фермерлерді заманауи агрономиялық біліммен қамтамасыз ету шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан облысы су ресурстарының тапшылығына қарамастан, тиімді егіншілік үлгісін қалыптастыруда. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты әдістер кеңінен қолданылып, өнім сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік беруде.

Өңірдің ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Жаңа өндіріс орындарын ашу, өнімдерді терең өңдеу және экспортқа шығару бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Бұл тек аграрлық секторды дамытуға ғана емес, Түркістан облысының жалпы экономикалық әлеуетін нығайтуға сеп болмақ. Ауыл шаруашылығы – тек экономикалық сала ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыт. Сол себепті облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл саланың даму қарқынын үздіксіз бақылап, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін нақты шараларды жүзеге асырып отыр. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы бүгінде республикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Тиімді басқару, мақсатты инвестициялар және диқандардың қажырлы еңбегі арқылы өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу ісінде көш бастап келеді. Ал алдағы жылдары жүзеге асырылатын жаңа жобалар мен инновациялық шешімдер облыстың аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.