«ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МАҚСАТ»

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы қоғаммен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың мәселелерін шешуде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның айғағы ретінде партияның Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Дария Қожамжарова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, әр өтініштің шешілуіне нақты көмек көрсету, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділдік пен құқықтық сауаттылықты арттыру.

Қабылдау барысында тұрғындар өздерін мазалаған түрлі әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағыттарындағы түйткілдер басым болды. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен медициналық қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынды. Нұрсәт шағынауданының тұрғыны Р.Бейсенбаева мүгедектік жағдайына байланысты тегін дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін және қоғамдық көлікте тегін қатынау құқығының шектеліп отырғанын жеткізді. Оның өтінішін мұқият тыңдаған Дария Қожамжарова тиісті басқарманың басшылығымен дереу байланысып, мәселені өз бақылауына алды. Нәтижесінде, басқарма басшысы азаматты жеке қабылдап, қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесін шешуге нақты шаралар қабылдауға уағдаласты. Ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі өтініш бойынша тұрғын Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке қабылдауына жазылды. Қоғамдық қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету болды. Маятас елдімекенінің тұрғыны отбасылық жағдайының ауырлығына байланысты қолдау сұрап келген. Депутат Дария Қожамжарова оның жағдайымен мұқият танысып, өз қаражаты есебінен бір реттік азық-түлік себетін табыс етті. Бұл – партия өкілдерінің әрбір өтінішке жанашырлықпен қарап, нақты көмек көрсетуге дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан елдімекендердегі тазалық пен коммуналдық қызмет сапасына қатысты шағымдар да айтылды. Бұл мәселелер бойынша депутат тиісті аудан әкімдіктеріне жүгініп, жағдайды бақылауға алу жөнінде тапсырма берді. Ол әрбір мәселе бойынша кері байланыс орнатылып, тұрғындарға нақты жауап берілетінін атап өтті.

Дария Қожамжарова қабылдау соңында «AMANAT» партиясының басты міндеті – халықтың мәселесін тек тыңдау емес, оны шешудің нақты тетіктерін табу. Біз әрбір өтініштің артында адамның тағдыры тұрғанын жақсы түсінеміз. Сол себепті тұрғындардың сенімін ақтау – біздің ең маңызды мақсатымыз», – деді. Партияның «Құқықтық көмек» жобасы бүгінде азаматтардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, әлеуметтік әділдікті нығайтуға да бағытталған. Бұл бастама қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікті арттырудың маңызды құралына айналып отыр. Мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуі партияның халық алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, шешу жолдарын қарастыру – «AMANAT» партиясының халыққа қызмет ету қағидатының нақты көрінісі. Дария Қожамжарованың қабылдауы – жергілікті деңгейде әлеуметтік әділдік пен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-шараның үлгісі. Бұл кездесу қоғамның түрлі топтарының мәселесін шешуде билік пен халық арасындағы байланыс көпірін нығайтып, азаматтардың сенімін арттыра түсті. Осылайша, «AMANAT» партиясының бастамалары Шымкент қаласында нақты нәтижесін беріп, әрбір тұрғынның үнін еститін және әрекет арқылы жауап беретін халықтық партия ретіндегі беделін нығайтуда.