САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ел экономикасының тұрақты дамуының басты тетігі – инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу екенін үнемі атап өтеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – Түркістан облысында қолға алынған өндірістік парктер желісі. Бұл бастама облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасымен барлық аудандар мен қалаларда жүйелі түрде жүргізілуде.
Өңірдің экономикалық белсенділігі жоғары аудандарының бірі – Сарыағашта да аталған бағыттағы жұмыстар қарқын алған. Қазіргі таңда мұнда жаңа өндірістік парк құру жобасы басталды. Жоба ауданның кіреберіс бөлігінде орналасқан 6,5 гектар жер телімінде жүзеге асырылуда. Бұл жер стратегиялық тұрғыдан ыңғайлы аумақта орналасқан – негізгі жол торабына жақын, инженерлік инфрақұрылымды тартуға қолайлы әрі болашақ өндірістік және логистикалық дамуға ашық мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі өндірістік парктің құрылысы мен дайындық жұмыстарына ерекше назар аударып отыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бақылауымен жер тегістеу және инфрақұрылымдық дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда инженерлік желілердің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, электр және су жүйелерін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Бұл – болашақ кәсіпкерлерге инфрақұрылымы толық дайын, қолайлы өндірістік орта қалыптастырудың алғашқы және шешуші қадамы. Өндірістік паркті құру бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде инфрақұрылым жеткізіледі, яғни су, электр, газ және жол жүйелері салынады. Екінші кезеңде шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған өндірістік ғимараттар мен цехтар бой көтермек. Үшінші кезеңде әкімдік пен инвесторлар бірлесе отырып, нақты өндірістік жобаларды іске қосуға кіріседі. Бұл бағытта өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, қаржы институттарымен және «Бәйтерек» холдингі құрылымдарымен өзара әріптестік орнату жоспарланған.
Жоба аясында кәсіпкерлерге өндіріс ашу үшін барлық қажетті жағдай жасалмақ. Оларға инфрақұрылымы бар дайын алаң, инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі, жеңілдетілген жалға алу шарттары және мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылады. Бұл – кәсіп бастағысы келетін жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі бастапқы инвестициялық ауыртпалық айтарлықтай төмендейді. Өндірістік парк – Сарыағаш ауданының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артады. Ал ұзақ мерзімді перспективада аудан экономикасы әртараптанып, тек ауыл шаруашылығы немесе қызмет көрсету саласына ғана емес, өңдеу өнеркәсібіне де сүйенетін құрылымға айналады. Сарыағаш ауданы – аграрлық бағыттағы өңір. Мұнда жүзім, бақша, көкөніс және дәнді дақылдар көптеп өсіріледі. Алайда өнімнің басым бөлігі шикізат күйінде сатылады. Ал өндірістік парктің ашылуы бұл жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін. Өйткені жаңа алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыттар, сусындар мен консервіленген тағам шығаратын цехтар ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өнімнің қосылған құнын арттырып, өңір экономикасына қосымша табыс әкеледі. Жобаның тағы бір маңызды қыры – жергілікті кадрларды жұмыспен қамту. Алдын ала есеп бойынша, өндірістік парк іске қосылғаннан кейін алғашқы кезеңде 150-200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өндіріс көлемі ұлғайған сайын арта түспек. Жергілікті жастар мен жұмыссыз тұрғындар кәсіби оқытудан өтіп, заманауи өндіріс орындарында еңбек ету мүмкіндігіне ие болады.
Инвестиция тарту және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру – облыс әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Түркістан облысы соңғы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өңірде индустриялық-инновациялық даму стратегиясы жүзеге асырылып, әр ауданда шағын өнеркәсіптік аймақтар мен индустриялық аймақтар құрылуда. Мысалы, Кентау, Арыс және Түлкібас қалаларында өндірістік парктер жобалары іске асып жатыр. Сарыағаштағы бастама – сол табысты тәжірибенің жалғасы. Сарыағаш өндірістік паркі тек аудан көлемінде ғана емес, бүкіл облыс экономикасына оң әсер етпек. Мұнда іске қосылатын кәсіпорындар жергілікті шикізатты өңдеп, дайын өнім түрінде сату арқылы өңірдің экспорттық әлеуетін арттырады.



