ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕМЕН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫНА ЖҮГІНДІ

«AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Төреайым Сұлтанова аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдау аясында өткізілген кезекті кездесу азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал етуге бағытталды. Мұндай қабылдаулар аудан тұрғындары мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында азаматтар әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, инфрақұрылымдық жағдай, коммуналдық қызметтердің сапасы және өзге де нақты проблемаларды ортаға салды. Әсіресе халықты әлеуметтік жағынан қолдау, тұрақты жұмыс орындарына орналасу және аулаішілік инфрақұрылымды жақсарту мәселелері басым болды. Тұрғындардың әрқайсысы өз өтінішін жеке жеткізіп, туындаған мәселелерін түсіндіріп өтті. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Төреайым Жолдыбайқызы әр ұсынысқа мұқият назар аударып, көтерілген мәселелердің мән-жайын егжей-тегжейлі талқылап отырды. Жедел шешуді қажет ететін өтініштер бойынша жауапты мекемелердің мамандарымен байланыс орнатылып, тиісті тапсырмалар берілді. Ал жан-жақты зерттеуді талап ететін проблемалар арнайы хаттамаға енгізіліп, жақын күндері жауапты органдарға жолданатын болды. Депутат тұрғындарға олардың сұрақтары бақылаудан тыс қалмайтынын айтып, әрбір жүгінушінің мәселесі нақты шешімін табуы үшін жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Қоғамдық қабылдаудың тағы бір мақсаты – партияның ашықтық қағидатын нығайту және халықпен кері байланысты тұрақты түрде күшейту. «AMANAT» партиясы тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, олардың орындалу барысын бақылауда ұстап, нәтижесін азаматтарға жеткізуді басты міндет санайды. Бұл жұмыстың нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді жеңілдетуге мүмкіндік туады.
Тұрғындардың пікірін тыңдайтын және нақты шаралар қабылдайтын мұндай қабылдаулар «AMANAT» партиясының қоғаммен тиімді байланыс орнатудағы маңызды құралдарының бірі болып отыр. Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да осындай кездесулер жүйелі түрде жалғасып, азаматтар көтерген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар күшейтіле түспек. Өйткені дәл осы бастама соңғы уақытта нәтижелі екенін аңғартып, билік пен халық арасындағы ашық диалог алаңына айналып келеді.



