«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ БОЙЫНША КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласында AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруға арналған маңызды жиын өтті. Басқосуды партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов жүргізді. Отырысқа Қаржы басқармасының өкілі Әлия Мейірова, жобаның қаржы эксперті Ақбота Тұрарова, Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Нұржан Сергазин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдер басқармасының Шымкент қаласы бойынша басшысы Ануар Шотаев, сондай—ақ қаланың аудан әкімдіктерінің жауапты мамандары қатысты.
Жиында «Қарызсыз қоғам» бастамасының қала аумағында іске асырылу барысы, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Ербол Байқонысов өз сөзінде жобаның әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, қала тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру – қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды фактор екенін айтты. Оның пікірінше, жобаның басты мақсаты – азаматтарды дұрыс қаржылық шешім қабылдауға үйрету, несие жүктемесін азайтуға бағыттау және қарызға тәуелділікке жол бермеу. AMANAT партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы республика көлемінде елеулі қолдау тапқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың қаржылық сауатын көтерудің маңызын атап өтіп, Үкіметпен бірлесіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін арнайы Жол картасы бекітіліп, өңірлерде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласы да бұл бағытта белсенді түрде еңбек етіп келеді. Өткен жылы қала бойынша 11 мың адамды қаржылық сауаттылық курстарымен қамту жоспарланған еді. Алайда тұрғындардың белсенділігі мен жобаның тиімді ұйымдастырылуының нәтижесінде бұл көрсеткіш 12 593 адамға дейін өсіп, жоспар артығымен орындалды. Биыл 22 200 адамды қамту көзделген. Бүгінгі күнге дейін 19 200 азамат арнайы оқыту бағдарламасынан өтіп, күнделікті өмірде қаржыны тиімді басқару дағдыларын меңгерді.
Жиын барысында қатысушылар қарыз алудың тәуекелдері, отбасылық бюджет жүргізу, пайыздық мөлшерлемелерді түсіну, қаржы ұйымдарының қызметін дұрыс пайдалану, алаяқтықтан қорғану сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ мамандар халықпен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері туралы өз ұсыныстарын ортаға салды. Бұл кездесудің тағы бір маңызды тұсы – қаланың әр ауданында тұрғындарды оқыту жүйесін одан әрі жетілдіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және әлеуметтік әлсіз топтарды көбірек қамту туралы нақты ұсыныстар әзірленді.



