ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Дария Қожамжарова Орталық саябақта тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдады. Мұндай ашық форматтағы кездесу Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асырылуының тағы бір көрінісі болды. Жергілікті деңгейде халықпен кері байланыс орнату, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін бірге талқылау – заманауи мемлекеттік басқарудың маңызды қағидаттарының бірі.
Саябақта серуендеп жүрген қала тұрғындары депутатпен еркін пікірлесті. Көпшілік үшін парк – тек серуендеу орны ғана емес, денсаулықты қалпына келтіріп, тынығуға мүмкіндік беретін жасыл аймақ. Сондықтан тұрғындар инфрақұрылымның қолайлы болуы, аумақтың қауіпсіздігі, спорттық және балалар алаңшаларының жағдайына қатысты ойларымен бөлісті. Сонымен қатар жақын маңдағы аурухананың емделушілері де кездесуге қатысып, саябақтың қалпына келу кезеңіндегі адамдар үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Депутат шахматшылар бас қосатын орталықтың әкімшілігімен және саябақта жиі жиналатын ардагерлермен де пікір алмасты. Қариялар қоғамдық кеңістіктердің заман талабына сай дамуының жастар тәрбиесі үшін маңызды екенін жеткізді. Олар жас буынның бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасайтын интеллектуалдық және спорттық орталықтар көбейсе деген тілектерін ашық айтты. Ардагерлер Дария Қожамжарованың тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуін оң бағалап, мұндай кездесулердің қоғам үшін пайдалы екенін атап өтті. Кездесу барысында қала тұрғындары қаланың көркеюіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасуына ниеттестік білдірді. Олар жол қауіпсіздігі, абаттандыру, көгалдандыру, демалыс аймақтарын жаңарту секілді бағыттарға қатысты бірқатар ой-пікірлерін ортаға салды. Депутат тұрғындар айтып өткен ұсыныстардың барлығы қалалық даму жоспарында міндетті түрде ескерілетінін айтты. Оның айтуынша, халықпен тұрақты диалог орнату – инфрақұрылымды тиімді жақсартуға, шынайы қажеттіліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл кездесу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқанын дәлелдейді. Тұрғындардың мәселесін ашық талқылауға жағдай жасалып, әрбір пікір назарға алынуы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады. Мұндай кездесулер үнемі өткізілуі мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, шешім қабылдау процесін халыққа жақындатады. Орталық саябақтағы диалог азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға серпін берері сөзсіз. Тұрғындардың ұсыныстары ескерілген сайын қала инфрақұрылымы да, өмір сапасы да жақсара түседі. Осылайша, халықтың үнін тыңдауға бағытталған ашық кездесулер Шымкенттің одан әрі дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жайлылығын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік болып қала береді.


