САНАЛЫ ҰРПАҚ — ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №132 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі» тақырыбында сыныпаралық жиналыс өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-ана, мектеп және оқушы арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайта отырып, жас ұрпаққа саналы тәрбие беру.
Жиналыс барысында мектептің ішкі тәртіп ережелері, ата-ананың міндеттері мен жауапкершілігі, оқушылардың мектепте және үй жағдайындағы қауіпсіздігін сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе мектеп формасының сақталуы, оқу процесіне жауапкершілікпен қарау, баланың мінез-құлқы мен тәрбиесіне бірлесе бақылау жүргізу сияқты маңызды бағыттар назарға алынды. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарымен тығыз байланысты. Бағдарлама жасөспірімдердің адалдық, жауапкершілік, өзіне және қоғамға құрметпен қарау секілді қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте ата-ананың рөлі айрықша, себебі баланың алғашқы тәрбиесі отбасында басталады, ал мектеп бұл тәрбиені толықтырып, жүйелі бағыт береді. Күн тәртібінде қаралған мәселелер барысында ата-аналар мен педагогтар оқушылардың мектепке келіп-кету кезіндегі қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Балалардың қоғамдық орындарда өзін ұстауы, интернет кеңістігін пайдалану мәдениеті және тұрмыстық қауіпсіздік дағдылары да ортақ талқылаудың өзегіне айналды. Жиналыс ата-ана мен мектеп арасындағы серіктестіктің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Саналы, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ тәрбиелеу тек мектептің ғана емес, ата-аналардың да ортақ міндеті екені айтылды. Өзара келісім мен түсіністікке негізделген ынтымақтастық қана баланың болашағына дұрыс бағыт береді.
№132 мектептің бұл бастамасы тәрбиелік жұмыстардың жүйелі түрде іске асырылып жатқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы білім алу ортасын қалыптастыруға, ата-аналардың тәрбиелік үдерістегі рөлін күшейтуге және «адал азамат» қалыптастыру міндетін жүзеге асыруға зор үлес қосады. Жалпы бұл бағыттары шаралар білім ордасында біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Өйткені саналы ұрпақ қалыптастыруда мектеп, ата-ана және оқушылардың бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды.

