МЕКТЕПТІҢ ҰЛДАР КЕҢЕСІМЕН МАҢЫЗДЫ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №80 IT мектеп-лицейінде 6-7 сынып оқушыларының ұлдарына тәрбиелік бағыттағы жиналыс ұйымдастырылды. Іс-шараны мектептің ұлдар кеңесінің төрағасы Мыңбаев Мұхтар мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақшолпан Құралбекова жүргізді. Кездесудің мақсаты – оқушылардың жеке жауапкершілігін арттыру, тәртіп мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіздік пен өзара сыйластық құндылықтарын насихаттау болды.

Жиналыс барысында бірнеше маңызды тақырып жан-жақты талқыланды. Біріншіден, буллинг пен оның алдын алу мәселесі қаралды. Оқушыларға буллингтің әртүрлі түрлері, оның психологиялық және әлеуметтік зияны түсіндірілді. Балаларға бір-бірін мазақтап, ауыр сөз айтуға болмайтыны, күш көрсету мен қорқыту заңға қарсы және адамгершілікке жат әрекет екені ескертілді. Сонымен қатар, қиын жағдайда жүгінуге болатын тұлғалар мен сенімді адамдар жайлы ақпарат беріліп, достық, сыйластық және қолдау көрсету ұжымдағы басты құндылық екені атап өтілді. Екіншіден, жолда жүру ережелері түсіндірілді. Қауіпсіздік бірінші орында екені айтылып, балаларға жаяу жүргінші жолынан өту, бағдаршамды дұрыс пайдалану, қысқы тайғақ күндері көшеде сақ болу сияқты нақты мысалдар келтірілді. Мектеп пен ата-ананың бірлескен әрекеті арқылы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі ерекше баса айтылды. Үшіншіден, оқу үлгерімі мен жауапкершілік мәселесі қозғалды. Сабақты жүйелі оқу, үй тапсырмасын орындау, сыныптағы тәртіп мәдениеті, мұғаліммен дұрыс қарым-қатынас орнату – табысты оқушының негізгі белгілері ретінде қаралды. Балаларға уақытты тиімді пайдалану және білімге басымдық беру артықшылықтары түсіндірілді. Сонымен қатар, мектептің ішкі тәртіп ережелері қарастырылды. Оқушыларға мектеп формасын сақтау, сабаққа дер кезінде келу, дәліздегі жүріс-тұрыс мәдениеті, телефон қолдану тәртібі және мектеп мүлкіне ұқыптылық сияқты ережелер түсіндірілді.

Кездесу балалардың тәртіп мәдениетін нығайтып, жауапкершілігін арттырып, бір-біріне сыйластықпен қарауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Ұлдар кеңесі мен мектеп әкімшілігінің бірлескен жұмысы жасөспірімдерді адамгершілік, қауіпсіздік және тәртіпке баулу бағытында нақты қадам болып отыр. Бұл іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарын оқушылардың күнделікті өмірінде қолдануға ықпал ететін маңызды тәжірибе болды.