ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ, САНАЛЫ ТАҢДАУ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №97 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025 жылдың 24 қарашасында ерекше мәнге ие кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Бұл шара жас ұрпақты болашақ мамандыққа бағыттау, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және оқушыларға ел қауіпсіздігі саласы жөнінде толыққанды ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының елжандылық, жауапкершілік және саналы таңдау құндылықтарын насихаттауға бағытталған іс-шараларымен үндес келеді.

Мектепке ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы мен Төлеби ауданы бойынша Шекара басқармасының мамандары – Октябров Нұрсұлтан Маратұлы және Төлеген Азамат Дүйсенәліұлы арнайы келіп, 11-сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Олар шекара қызметінің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, оның қоғамдағы ерекше маңызы және бұл салаға түсу үшін талап етілетін қасиеттер туралы кеңінен түсіндірді. Мамандардың айтуынша, шекарашы мамандығы – тек кәсіби жол ғана емес, туған елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Кездесу барысында оқушыларға ҰҚК Шекара академиясына қабылдау талаптары мен оқу бағдарламасы туралы нақты ақпарат берілді. Академиядағы оқу тәртібі, әскери даярлық бағыттары, оқудың кезеңдері және жас мамандарға қойылатын кәсіби талаптар жан-жақты талқыланды. Болашақ офицерлерге жүктелетін міндеттердің жоғары жауапкершілікке негізделетіні ерекше атап өтілді. Бұл ақпарат оқушылардың мамандыққа деген нақты көзқарасын қалыптастырып, өмірлік таңдау жасау кезінде дұрыс бағыт ұстануға көмектесті. Оқушылар кездесу барысында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, шекара қызметіндегі күнделікті міндеттер, әскери тәртіп, мансаптық өсу мүмкіндіктері және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде толық жауап алды. Мамандар өз тәжірибелерінен мысал келтіре отырып, бұл қызметтің тек физикалық дайындықты ғана емес, сонымен бірге адалдық, табандылық, ерік-жігер және елге деген шынайы сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді талап ететінін түсіндірді.

Мұндай кәсіби бағдарға бағытталған кездесулер оқушылардың мамандық таңдауда адаспауына, өз қабілеті мен қызығушылығына сай дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі. Сонымен қатар, ел шекарасын қорғау секілді аса маңызды міндеттің мәнін ұғындырып, жастардың отансүйгіштік сезімін арттыруға үлкен ықпал етеді. Бұл – «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының азаматтық жауапкершілік пен елге қызмет ету идеясын дәріптеудегі маңызды қадамдардың бірі. Кездесу жас буынның болашақ мамандығына деген ынтасын оятып қана қоймай, олардың ел қауіпсіздігіне үлес қосуға деген қызығушылығын арттырған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шара ретінде өз жалғасын тапты.