ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

Қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты ең алдымен әлеуметтік әділдік пен өзара қолдауға негізделеді. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек қолын созу — өркениетті қоғамның басты қағидаларының бірі. Осы бағытта елімізде «AMANAT» партиясы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және нақты қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Партияның негізгі ұстанымы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нақты іспен жүзеге асыру. Бұл мақсатта өңірлерде қоғамдық қабылдау бөлмелері белсенді жұмыс істеп, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын жеке қарастырып келеді. Соның бірі – Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық филиалының қоғамдық қабылдауы. Жуырда мұнда қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наимбекова Айжан Ізбасханқызы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қарастырылып, нақты шешу жолдары ұсынылды. Қабылдауға келген Нұрсат шағынауданының тұрғыны, үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана өз өмірлік жағдайымен бөлісіп, әлеуметтік және материалдық көмек сұрады. Оның мәселесіне түсіністікпен қараған депутат Айжан Наимбекова тұрғылықты мекенжайына жақын маңдағы дүкенмен келісіп, азаматшаға жұмыс ұсынды. Сонымен қатар, ол отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында қосымша көмек көрсетілетінін де жеткізді. Бұл – партия өкілдерінің тек кеңес беріп қана қоймай, нақты іс жүзінде көмектесіп отырғанының айғағы. Қабылдау барысында Тұран тұрғын алабынан келген көпбалалы ана да өз өтінішін білдірді. Оның өтініші де назардан тыс қалмай, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Мұндай көмек тек материалдық тұрғыда ғана емес, моральдық қолдау тұрғысынан да үлкен маңызға ие. Себебі азаматтардың өз мәселесін ашық айтып, оны шешуге мүмкіндік табуы – қоғамдағы сенім атмосферасын қалыптастырады.

Қоғамдық қабылдау аясында сонымен бірге кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланып, тиісті заңнамалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – партияның тұрғындарға тек әлеуметтік көмек беріп қана қоймай, олардың құқықтық сауатын арттыруға, өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған бастамасының бір көрінісі. Айжан Ізбасханқызының айтуынша, мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, нақты шешім табуға ықпал ету. Партияның «Құқықтық көмек» және «Халықпен бірге» сияқты жобалары аясында осындай қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік жағдай, жұмысқа орналасу, тұрғын үй және коммуналдық жүйелерге байланысты өтініштермен жүгінеді. «AMANAT» партиясының артықшылығы – әрбір мәселені жеке қарастыруында. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тек тіркеліп қоймай, нақты шешу жолдары анықталып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіледі. Бұл – халықтың сенімін арттырып, партияның беделін нығайта түсетін маңызды фактор. Партияның Қаратау аудандық филиалы жүзеге асырып отырған осындай игі бастамалар әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға, қоғамда мейірім мен өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Тұрғындардың мәселесін шешу арқылы партия азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және қоғамдағы теңдік қағидатын нығайтуға өз үлесін қосып келеді.