ЗАМАНАУИ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан қаласында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Қала аумағында 80 төсек-орынға арналған заманауи перзентхананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысан «Түркістан» әлеуметтік корпоративтік даму қорының тапсырысы негізінде салынуда және жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен жүзеге асырылып отыр. Бұл – халықаралық серіктестік аясында қолға алынған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.

Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, нысандағы жұмыстардың барысымен танысты. Аймақ басшысы перзентхананың өңір халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, құрылыс сапасы, белгіленген мерзімді сақтау және болашақта көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейі басты назарда болуы тиіс екенін қадап айтты. Облыс әкімі өз сөзінде ана мен бала денсаулығын қорғау – өңір басшылығының негізгі басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары екенін ескерсек, заманауи медициналық мекемелерге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету аса маңызды. Сонымен қатар жаңа перзентхананың қасбеті Түркістан қаласының сәулеттік келбетіне сай болып, шаһардың тарихи және мәдени ерекшеліктерімен үйлесуі қажеттігі айтылды. Нысанды сапалы аяқтап, тұрғындар игілігіне белгіленген мерзімде беру міндеті жүктелді.

Жобаның жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Эристайл Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Перзентхана 3,3 гектар аумақта орналасады. Бір және екі қабатты ғимараттардың жалпы ауданы 17 288 шаршы метрді құрайды. Медициналық орталықтың жобасы халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ана мен балаға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңа перзентхана төрт блоктан тұрады. Оның ішінде жүктілік патологиясы бөлімі 30 орынға есептелсе, босанған аналардың жағдайын бақылауға арналған бөлім 50 төсек-орынмен қамтылады. Барлық палаталар мен медициналық кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, қауіпсіздік пен жайлылық талаптары қатаң сақталады. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, аналардың оңалуы мен нәрестелердің күтіміне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік маңызы зор нысанның құрылысы 2025 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 109 жұмысшы еңбек етіп, 12 арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Перзентхананы 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жоба іске қосылғаннан кейін Түркістан қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындары үшін сапалы акушерлік және перинаталдық көмек қолжетімді бола түседі. Бұл өз кезегінде өңірдегі ана мен бала өлімін азайтуға, халық денсаулығын нығайтуға және медициналық қызмет көрсету деңгейін жаңа сатыға көтеруге ықпал етпек.