ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ТЕТІКТЕРІ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру бағытындағы жүйелі шаралар өз нәтижесін беруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде азық-түлік бағасының индексі 107,2 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш облыста баға саясатын тиімді реттеу, нарықтағы тұрақтылықты сақтау және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді.
Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіне арналған арнайы жиын өтті. Басқосуда өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей байланыс орнату, жәрмеңкелер өткізу, сондай-ақ әлеуметтік дүкендердің жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының қолжетімді болуы әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторы екені айтылды. Осыған орай әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорын жеткілікті деңгейде сақтау, арнайы сауда нүктелерінің санын арттыру және өнімді тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізу тетіктерін кеңейту қажеттігі тапсырылды. Сонымен қатар баға мониторингін күшейтіп, нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстау жүктелді.
Жиында Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда басқарма «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Азық-түлікті тұрақтандыру қоры департаментімен бірлесіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шараларды жүзеге асырып отыр. Қорда бүгінде 22 мың тонна азық-түлік өнімі жинақталған. Нарықтағы сұраныс пен баға өзгерістеріне қарай бұл өнімдер кезең-кезеңімен сауда айналымына шығарылып, бағаның күрт өсуіне жол бермеу қамтамасыз етілуде. Әсіресе қыс мезгіліндегі маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта 12 340 тонна көкөніс өніміне форвардтық келісімшарттар жасалып, желтоқсан айынан бастап нарыққа шығарылуда. Бұл шаралар маусымдық тапшылықтың алдын алып, тұрғындарды қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Баға саясатын жетілдіру бағытында тағы бір маңызды қадам – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің кеңеюі. Осы жылдан бастап олардың саны 19-дан 31 атауға дейін ұлғайтылды. Бұл шешім баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындардың тұтыну себетіне кіретін негізгі өнімдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Өңірде арзандатылған өнімдерді халыққа жеткізу үшін тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері облыс аумағында 491 жәрмеңке өткізіліп, 10 мың тоннадан астам азық-түлік өнімі нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Бұл жәрмеңкелер әсіресе ірі қалалар мен аудан орталықтарында тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар облыста 40 заманауи әлеуметтік дүкен үздіксіз қызмет көрсетуде. Аталған дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 30–40 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылады. Бұдан бөлек, 50-ден астам ірі сауда нысандарында арнайы әлеуметтік бұрыштар ұйымдастырылып, онда да арзандатылған өнімдер сатылуда. Бұл тәсіл бағаны тұрақтандырумен қатар, халықтың сатып алу қабілетін сақтауға ықпал етеді.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында облыс бойынша 20 жұмыс тобы тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтерген сауда орындарына қатысты 74 әкімшілік шара қолданылып, жалпы сомасы 481 030 теңге айыппұл салынды. Бұл бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылданатыны айтылды. Жалпы алғанда, Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы кешенді жұмыстар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға, нарықтағы тұрақтылықты сақтауға және өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жауапты мекемелер тарапынан қабылданып жатқан шаралар баға өсімін тежеуге және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.



