ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан төрінде «Таза Қазақстан» аллеясы бой көтерді. «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты ауқымды акция аясында ашылған нысан экологиялық мәдениет пен тарихи жадты ұштастырады. Игі бастама Қаржылық мониторинг агенттігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Салтанатты шараға Президент кеңесшісі, өңір басшысы және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көне шаһардағы жаңа аллеяның ашылуы 1 мамыр – Бірлік күні мен Жеңістің 81 жылдығына орайластырылған. Бұл жай ғана көгалдандыру емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын жоба. Шараға арнайы қатысқан Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев заң мен тәртіптің әділетті қоғамдағы маңызына тоқталып, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы облыста жаппай сипат алғанын жеткізді. Өткен жылы аймақта 1 миллионнан астам ағаш егілсе, биыл да бұл көрсеткіш төмендемейді.

Аллеяның басты ерекшелігі – мұндағы әрбір көшет қазақ халқының біртуар батырлары мен тарихи тұлғалары туған өңірлерден арнайы әкелінген. Ағаштарға символдық түрде ұлы есімдер берілді. Мерекелік шара Арыстағы балалар ауылының тәрбиеленушілері мен «Жаңа леп» ұжымының патриоттық әндерімен түйінделді.Енді бұл орын қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс аймағы ғана емес, ұлттық құндылықтар дәріптелетін киелі мекенге айналмақ.