АККУМУЛЯТОРЛАРДЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

100
0
Қала күні мерекесінде Шымкент қаласының өндірістік және экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды инвестициялық жоба іске қосылды. Қаланың «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Шымкент аккумуляторларды кәдеге жарату зауыты» ЖШС-нің жаңа өндірістік нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз кәдеге жарату және қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды тиімді басқару және өндірістік ресурстарды қайта айналымға енгізу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жобаның жалпы инвестициялық құны — 2 миллиард теңге. Өндіріс орнын салу үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 2,3 гектар жер телімі бөлінген. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 50 мыңға дейін пайдаланылған аккумуляторды қайта өңдеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зауытта 60 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қоспақ.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да ерекше. Жаңа өндіріс орнының ашылуы өңір тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Тек зауыттың өзінде 60 адам еңбек етсе, шикізат жинау, тасымалдау, логистика және техникалық қызмет көрсету бағыттарында қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына оң ықпал етеді.