ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 5 АЙДА 614,2 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын әртараптандыру, өңірлерге тікелей шетелдік капиталды тарту және отандық өнім көлемін еселеу жөніндегі стратегиялық пайымын негізге алған Түркістан облысында бүгінде жасампаздық пен өрлеудің жаңа кезеңі басталды. Аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын жаңа сапалық деңгейге көтеру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқалы аппарат мәжілісінде жан-жақты сараланып, алдағы уақытта еңсерілуі тиіс маңызды міндеттер айқындалды.
Бүгінгі таңда оңтүстік өлкеде инвестиция тарту көрсеткіштерінің қарқыны өте жоғары. Биыл Түркістан облысында инвестицияларды тарту индикаторы 1 триллион 783,9 миллиард теңге көлемінде өте қомақты болып бекітілген. Ең қуаныштысы, осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша аймақ экономикасына 614,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция бағытталып, бұл көрсеткіш бойынша өсім 150,5 пайызды құрады. Бұл – аймақ басшылығы мен жауапты сала мамандарының жүйелі жұмысының айқын жемісі. Ал өткен 2025 жылдың қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 1 миллиард 998,2 миллион АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар межеленген деңгейден төрт еседен де жоғары орындалды. Дәл осы айрықша көрсеткіш бойынша Түркістан облысы еліміздегі барлық өңірлерді артқа тастап, республикада дараланып, бірінші орынға табан тіреді. Осы жетістіктерді негізге ала отырып, 2026 жылға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жоспары 499 миллион АҚШ доллары көлемінде бекітіліп отыр. Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға инвесторларды тарту мен оларды сүйемелдеу жұмыстарын барынша сапалы ұйымдастыруды, іскер азаматтарға қолайлы жағдай жасауды қатаң тапсырып, әрбір жобаның орындалу барысын өз бақылауында ұстайтынын шегелеп жеткізді.
Мәжілісте Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев ірі инвестициялық жобалардың ағымдағы жай-күйі туралы мазмұнды баяндама жасады. Өңір көлемінде жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігін мейлінше арттыру мақсатында инвестициялық пул толығымен қайта қаралып, өзектендірілді. Нәтижесінде 2026-2029 жылдар аралығын қамтитын, жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 қуатты инвестициялық жобаның жаңа пулы қалыптастырылды. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда аймақта 17 820 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізбек. Оның ішінде шетелдік капиталдың тікелей қатысуымен жалпы құны 608,9 миллиард теңгеге тең 30 инвестициялық жоба қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл халықаралық жобалар толық қуатына шыққан кезде 7 799 отандасымыз тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал ағымдағы жылы жалпы құны 369,4 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іріктеліп алынған. Жыл басынан бергі 5 айдың қорытындысымен жалпы құны 42,4 миллиард теңге болатын 11 маңызды жоба сәтті іске қосылып, нәтижесінде 407 тұрғын тұрақты еңбек майданына араласты. Бұдан бөлек, облыстың әр ауданында өңірдің өндірістік сипатын өзгертетін ірі өнеркәсіп орындары бой көтеруде. Мысалы, Созақ ауданында тау-кен саласына қажетті күкірт қышқылын өндіретін, сондай-ақ аффинаж зауыттарының құрылысы мен уран өңдеу кешенінің екінші кезеңі қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал Кентау маңындағы «Южная» өнеркәсіптік алаңы жобасы толықтай іске қосылып, өндіріске тың серпін берді. Киелі Түркістан шаһарында заманауи тоқыма фабрикасының, бояу-әрлеу фабрикасының және үйге арналған текстиль бұйымдары фабрикасының құрылысы қызу жүруде. Тарихы терең Отырар ауданында 2 бірдей ірі мақта өңдеу зауыты салынып жатса, өңірде 16 роторлы, яғни айналмалы иіру желісімен жабдықталған алып тоқыма зауытының іргетасы қалануда.
Сонымен қатар, Түркістан облысының аграрлық-индустриалды әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар да аз емес. Мәселен, Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты мен 10 000 басқа арналған ірі бордақылау алаңының, арнайы ауыр техника құрастыру зауытының, сүт өнімдерін өндіретін зауыттың және Аустралиялық озық әдіспен жұмыс істейтін мал базарының құрылысы қатар жүргізілуде. Сауран топырағында жаңа сүт өнімдерін өндіретін зауыт, сапалы ет комбинаты, құрама жем шығару зауыты, тері өңдеу цехтары мен бордақылау алаңдары салынса, Арыс қаласында бір мезетте 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенінің құрылысы басталды. Бәйдібек ауданында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрамажем өндіру зауыты бой көтеруде.


