ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ӨЗБЕКСТАН ӨҢІРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы өтіп, бауырлас екі елдің арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл мен достық байланыстар жаңа белеске көтерілді. Тарихи маңызы бар осы алқалы жиын аясында Түркістан облысы мен Өзбекстанның бірқатар өңірлері арасында маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. С сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған бұл келісімдер өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік тың серпін беретіні сөзсіз.
Ресми іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, өңіраралық әріптестікті өркендетуге және өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды бастамаларды толықтай қолдады. Өңірлер басшыларының кездесуі қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының Самарқанд, Ташкент және Жызақ облыстары арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімдерге ресми түрде қол қойылды. Тараптар бекіткен бұл тарихи құжаттар сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім беру және гуманитарлық салалардағы кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге арналған. Сонымен қатар халықаралық басқосу барысында Түркістан облысы мен Жызақ облысы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі арнайы Жол картасы бекітілді. Бұл құжатта екі тараптың бірлескен жобаларды жүзеге асыруына арналған нақты іс-шаралар, олардың орындалу мерзімдері мен жауапты мекемелер айқын белгіленген. Осылайша, екі елдің аймақтары тек ниет білдіріп қана қоймай, нақты қадамдар мен нәтижелі жобаларға көшуге бел буып отыр. Кездесуде сөз алған өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістан облысы мен Өзбекстан өңірлері арасындағы өзара іс-қимылдың қарқыны жыл сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, қол қойылған құжаттар өңірге қосымша инвестиция тартуға, өзара сауда көлемін еселеп ұлғайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны жаңа деңгейде дамытуға және халыққа тиімді жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы мен Өзбекстан өңірлері арасында өнеркәсіп өндірісі, агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистика, туризм, кәсіпкерлік пен инвестиция салаларында өте тығыз әрі тиімді ынтымақтастық қалыптасқан. Бауырлас елдердің тарихи тамырластығы мен шекаралас орналасуы мұндай тығыз байланыстарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Қол жеткізілген жаңа келісімдер осы берік байланысты одан әрі нығайтып, екі ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзара тиімді әріптестіктің кеңеюіне даңғыл жол ашады.


