ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 70 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖОСПАРЛАНУДА

Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық даму саясатында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі басты орында тұр. Әсіресе, Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар ерекше серпінге ие. Өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынын арттыру және жоспарланған міндеттердің орындалуын сапалы қамтамасыз ету мақсатында жүйелі де ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында аталған бағыттағы өзекті мәселелер мен жетістіктер кеңінен талқыланып, өңірдің инвестициялық өрлеуіне қатысты маңызды шешімдер қабылданды.
Жиын барысында биыл облыс аумағында іске қосу жоспарланған 67 инвестициялық жобаның өзектілігі қайта қаралып, оларға жан-жақты зерделеу мен талдау жүргізілгені айтылды. Нарық талабы мен өндірістік мүмкіндіктерді таразылау нәтижесінде іске асырылу тәуекелі бар 10 жоба анықталды. Мемлекеттік қаражат пен уақытты тиімсіз жұмсамау мақсатында аталған жобалардың орнына жаңа 13 инвестициялық жоба енгізіліп, жалпы жоспар қайта пысықталды. Осындай шұғыл әрі ұтып жасалған қадамдардың нәтижесінде жыл соңына дейін Түркістан облысында жалпы құны 793,9 миллиард теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру межеленіп отыр. Ең бастысы, бұл жобалар аясында 5 190 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Мұның өзі аймақтағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосылатын қомақты үлес екені сөзсіз. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды бәсеңдетпеуді жүктеді. Инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен іске асырылуын қамтамасыз ету — бірінші кезектегі міндет. Аймақ басшысы әрбір жобаның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, кедергі тудырған түйткілді мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар инвесторлармен өзара қолайлы байланысты күшейту, өңірге жаңа капитал тарту жұмыстарын жандандыру және Түркістанның табиғи, логистикалық әрі адами ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жауапты істің орындалу барысы жайында баяндаған облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бүгінгі таңда қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 33,4 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба толығымен іске қосылып, өз жемісін бере бастады. Мұның нәтижесінде 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Бұл — тек бастамасы, алдағы уақытта іске асырылатын жобалардың ауқымы одан да зор болмақ. Өңірде жаңа инвестициялық бастамаларды қолдау және шетелдік серіктестерді тарту бағытындағы кездесулер үздіксіз жүргізілуде. Мәселен, жуырда «Zhouzhi Country Jinzhou State-Owned Capital Investment and Operations» компаниясының өкілдерімен мазмұнды жүздесу өтті. Қытайлық инвесторлар киви өсіру бағытындағы бай тәжірибелерін таныстырып, Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайына, ауыл шаруашылығы саласындағы орасан зор мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық білдірді. Шетелдік қонақтарға жылыжай кешендерін орналастыруға қолайлы жер телімдерін таныстыру мақсатында Сайрам және Келес аудандарына арнайы іссапарлар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта инвестор тарапынан алдағы жұмыстардың нақты жоспары әзірленіп жатыр. Мұндай бірегей дақылдарды өсіру өңірдің аграрлық секторын әртараптандыруға жол ашады.
Сонымен қатар «Sauran Solar Power» компаниясының өкілдерімен өткен маңызды кездесуде рухани астананың айшықты нышаны — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қорған қабырғасын салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл — тек экономикалық емес, сонымен бірге тарихи-мәдени маңызы бар бірегей жоба. Ал «Sin Yuan Steel» компаниясының өкілдері болат өндірісін Түркістан облысының аумағына көшіру және заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі өзіндік ұсыныстарын білдірді. Бүгінгі таңда аталған барлық жобалар жан-жақты зерделеніп, оларды іске асырудың құқықтық әрі техникалық мүмкіндіктері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Инвестиция — экономиканың тамырына қан жүгіртетін басты қозғаушы күш. Инвестициялық жобаларды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, ең бастысы, халықты тұрақты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға кең жол ашады. Түркістан төрінде қолға алынған бұл ауқымды бастамалар облыстың ғана емес, тұтас еліміздің дамуына серпін берері хақ. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар — келешекке салынған берік инвестиция.



