ШЫМКЕНТТЕ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ

«TEṄ QOḠAM» әлеуметтік қолдау орталығы 8 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматқа қызмет көрсетті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін “Тең қоғам” орталығы жұмыс істейді.
Әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар азаматтар бос уақытын тиімді пайдалана алады және компьютерлік сауаттылығын ашуға мол мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ мұнда арнайы жабдықталған 300-ге тарта кітап қоры бар. Зағиптарға арналған оқу машинасы және Брайль әліпбиі негізінде жазылған көркем шығармалар жинағы да топтастырылған.
Келушілерге аталған қызметтерді жүзеге асыруға арнайы мамандар жәрдем көрсетеді. Қызмет алушылардың өмірлік белсенділіктерін арттыру үшін шахмат, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін үйренуге барлық жағдай жасалған.
Орталық 2021 жылы іске қосылған «Әлеуметтік порталмен» қолдану жолдарын үйретеді және «Инватакси» мен «Әлеуметтік таксиге» қатысты барлық ақпаратты ұсына отырып, «Бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетуде. Мәселен, әлеуметтік такси қызметіне 791 адам жүгінсе, 1045 азамат санаторий-курорттық емделуге жолдама алған, ал 564 адам инватакси қызметін пайдаланған. Жалпы жыл басынан бері 8216 мүгедектігі бар азаматқа қызмет көрсетілген.
Осындай санаттағы тіркелгендер саны Шымкентте 38 775 құрайды. Оларға қолайлы жағдай жасау, жайлы орта құру, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан қарқынды шаралар жүргізілуде.
Орталық Ж.Аймауытов көшесі, 130 ғимаратта орналасқан.
Айта кету керек, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес қазіргі таңда қала аумағында 38 880 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер 3 691 болса, екінші топтағы мүгедектер 15 212 құрап отыр, ал үшінші топтағы мүгедектер саны 12 739, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны 7 238.