АЛТЫНОРДА ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Шымкент қаласында халықтың өтініш-тілектерін назардан тыс қалдырмай, нақты нәтижеге жеткізу дәстүрге айналып келеді. Соның бір дәлелі – Алтынорда шағын ауданы тұрғындарының ұсынысына сәйкес қолға алынған абаттандыру жұмыстары. Жуырда «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы ғимаратында өткен қоғамдық қабылдау барысында Алтынорда шағын ауданы, Ана тілі көшесінің тұрғындары өздерінің басты мәселелерінің бірін көтерген болатын. Олар аудан әкімінен көшелерді абаттандыруды сұрап, шағын ауданға мәдени демалыс орындарының қажеттігін атап өтті.

Бұл мәселені қабылдауға қатысқан Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы мен аудандық партия филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға уәде берді. Аз уақыт ішінде нақты жоспар жасалып, №139 жалпы орта білім беретін мектептің маңынан жаңа аллея салу бастамасы көтерілді. Бұл ұсыныс тұрғындардың да көңілінен шықты, себебі балалардың да, ересектердің де бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын демалыс орны шағын аудан үшін аса қажет еді. Қазіргі таңда Алтынорда шағын ауданында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа аллея салынып, көшелер көркейе түсуде. Бұл бастама тек қана бір көшенің емес, тұтас шағын ауданның әлеуметтік және мәдени өміріне серпін береді. Аллеяның бойында тұрғындар тынығып, балалар ойнайтын алаңқайлар орналастырылмақ. Сонымен қатар, жарық шамдары орнатылып, жасыл желек отырғызу жоспарланған. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстың қысқа уақыт ішінде шешімін табуы халық пен билік арасындағы өзара байланыстың нығайғанын көрсетеді. Қоғамдық қабылдау алаңдары – халықтың мұң-мұқтажын айтуына, ал жергілікті билік пен партия өкілдерінің оны нақты іспен орындауына мүмкіндік беретін тиімді құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

«AMANAT» партиясы өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әсіресе, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар басты назарда. Алтынорда шағын ауданындағы аллея – осы бағыттағы бір ғана мысал. Жаңа аллеяның ашылуы шағын аудан тұрғындарының көптен күткен қуанышы болмақ. Ол тек демалыс орны ғана емес, адамдардың бас қосатын, спортпен айналысатын, балалардың ойнайтын орталығына айналады. Осындай игі бастамалар халықтың сенімін арттырып қана қоймай, қаланың көркін ашуға да зор үлес қосады. Қорытындылай келгенде, Алтынордадағы бұл жобаның жүзеге асуы тұрғындардың белсенділігі мен биліктің уәде орындаудағы табандылығының нәтижесі. Әрбір қоғамдық қабылдаудың артында осындай нақты істер тұрғаны – халыққа көрсетілген құрмет пен қамқорлықтың айқын көрінісі.