ӘУЕЖАЙ ЖОЛЫ БОЙЫНДАҒЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК АУМАҒЫ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

Жаңа әуежай жолы бойындағы жасыл желек аумағы толықтырылып, суару жүйесі жаңартылуда.
Облыс орталығындағы жаңа әуежайға апаратын жол бойындағы 240 гектар аумақта жасыл желек отырғызылып, оны күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мұнда 730 мың ағаш көшеті отырғызылған. Аумақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтылған.
Ағаштардың жерсіну деңгейін арттыру мақсатында қазіргі таңда суару нормасын күшейту үшін қосымша ұңғыма қазылуда. Сонымен қатар электр желісін тарту, тамшылатып суару жүйесін жаңарту және оны автоматтандыру жұмыстары қолға алынған.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, тапсырмалардың орындалу барысын тексерді. Ол суару кестесін түзуде ауа райы мен топырақ ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығын атап өтіп, тыңайтқыштарды дұрыс таңдау мәселесіне де назар аударды.
Орман екпелерін күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Аталған аумақтағы жасыл желекті толықтыру мақсатында биыл күзде 80 мың дана жапырақты ағаш көшетін, атап айтқанда, қарағаш, жиде және тұт отырғызу жоспарланып отыр.



