АРЫСТА ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАТАР ДАМЫП КЕЛЕДІ

Арыс қаласында инвестиция тарту, өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың БАҚ өкілдерімен өткізген брифингінде мәлімдегендей, биылғы жылы Арыста жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – шаһар экономикасына тың серпін беретін айтарлықтай көрсеткіш.

2024 жылы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында жалпы сомасы 15 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 593 жұмыс орны құрылған. Бұл жобалар түрлі салаларды қамтыды – агроөнеркәсіп, логистика, қайта өңдеу және қызмет көрсету секторлары. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылы – 10,3 млрд теңге, 2024 жылдың 4 айы бойынша – 4,4 млрд теңге болды. Бұл – тұрақты өсімді көрсететін айқын динамика. Арыс қаласының экономикасында ауыл шаруашылығы саласының маңызы ерекше. Соңғы жылдары бұл бағытта бірнеше ауқымды инвестициялық жобалар іске қосылып отыр. Олар — «Түркістан Агро KZ» ЖШС – 50 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, 3 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару жүйесімен мал азығын дайындау жобасы.

«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – 13 млрд теңгеге бағаланған жоба. 9 мың гектар жерде тамшылатып суару әдісімен мақта өсіру қолға алынған. «ALASH LOGISTIC» ЖШС – 900 гектар жерге жаңбырлатып суғару әдісімен мал азығы өсіру жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобалар экологиялық тиімділікпен қатар өнімділікті еселеп арттыруға, сондай-ақ экспорттық бағыттағы әлеуетті күшейтуге бағытталған. Қалада тек инвестициялық жоба емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық жұмыстар да қолға алынған. Қаладағы екі жылу қазандығының ескіруіне байланысты модульдік газ қазандығы орнатылып, көмірден табиғи газға көшу жүзеге асырылған. Бүгінде Арыстың барлық жылу жүйелері газбен жылытылып отыр. Бұл – экологиялық қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыратын шешім. Бұдан бөлек, Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендеріндегі 20 шақырымдық электр желісі жаңартылды. Нәтижесінде 1206 тұрғын сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. Мұндай жобалар энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, электр желілерінің тозуын азайту және апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында аса маңызды.

2024 жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 13,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл – Арыс қаласының экономикалық белсенділігі мен инвестициялық ахуалының жақсарып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Арыс қаласы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан жаңа кезеңге аяқ басты. Инвестициялық жобалар тек өндірісті ғана емес, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын технологияландыру, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты маңызды салаларға бағытталған. Қала басшысы Қайсар Маңқараевтың айтуынша, Арыс алдағы жылдары да инвестициялық орталық ретінде қалыптасып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын ұштастыра отырып, аймақ экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналмақ.